28-29 мамырда Астанада EXPO іскери кешенінің аумағындағы Конгресс орталық алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттер басшыларының қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына орай V Еуразиялық экономикалық форум (ЕЭФ-2026) ұйымдастырылды.
Бұл 2026 жылы Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етуі аясында өткізілді.
Форум жұмысына 44 елден шамамен 3 мың адам қатысты.
ЕЭФ-2026 архитектурасы төрт тақырыптық блокқа біріктірілген шамамен 30 іс-шараны қамтыды: «ЕАЭО нарығының дамуын трансформациялау», «Еуразиялық үйлесімділік», «ЕАЭО+» және «Форум шеңберіндегі іс-шаралар».
Пленарлық отырыс
V Еуразиялық экономикалық форумның басты іс-шарасы — «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық» пленарлық отырысы.
Іс-шараның негізгі спикерлері — Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары: Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев.
Пленарлық отырыс жұмысына Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кен және сауда министрі Мохаммад Атабак және Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы сауда мемлекеттік министрі Тани бин Ахмед Аль Зейуди құрметті меймандар ретінде қатысты.
Келісімдер мен меморандумдар
15 келісімге, меморандумға, ынтымақтастық бағдарламасы мен шартқа қол қойылды. Олардың ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия мен Куба Республикасы Үкіметінің 2026–2030 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары, 2018 жылғы 27 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен ТМД Атқарушы комитеті арасындағы өзара түсіністік меморандумын іске асыру бойынша 2026–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік меморандумы, ВЭБ.РФ және Қырғыз өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы арасындағы ынтымақтастық және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісім, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы арасындағы 2021 жылғы 22 шілдедегі өзара түсіністік меморандумының қолданылу мерзімін ұзарту туралы хаттама және басқа да құжаттарға қол қойылды.
Ақпараттық серіктестер
V Еуразиялық экономикалық форумға 14 елден 300-ден астам журналист қатысты. 5 елдің 24 бұқаралық ақпарат құралы Еуразиялық экономикалық форумның ақпараттық серіктестері болды. Армения Республикасының БАҚ: «Арменпресс» ақпараттық агенттігі, Alphanews.am ақпараттық агенттігі, Verelq ақпараттық-талдау орталығы, «АрмИнфо» ақпараттық компаниясы, 24 NEWS.AM ақпараттық агенттігі.
Беларусь Республикасының БАҚ: «БелТА» ақпараттық агенттігі, Беларусь Республикасының Ұлттық мемлекеттік телерадиокомпаниясы.
Қазақстан Республикасының БАҚ: Jibek Joly телеарнасы, «Хабар» телеарнасы, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «Қазақпарат» ақпараттық агенттігі, Inbusiness.kz ақпараттық агенттігі, «Іскер Қазақстан» ақпараттық агенттігі, Atameken Business телеарнасы, «Капитал» іскерлік ақпарат орталығы, Қазақ Радиолары.
Қырғыз Республикасының БАҚ: Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадио корпорациясы, «Кабар» қырғыз ұлттық ақпараттық агенттігі, Кыргыз Туусу ақпараттық-баспа үйі, «Номад ТВ» телеарнасы.
Ресей Федерациясының БАҚ: ТАСС ақпараттық агенттігі, Sputnik (Қазақстан) ақпараттық агенттігі және радиосы, «Еуразия бүгін» ақпараттық-талдау порталы.
Халықаралық БАҚ: «МИР» халықаралық телерадиокомпаниясы.
Анықтама:
Еуразиялық экономикалық форум Еуразиялық экономикалық одақтың одақ органдарында – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде төрағалық ететін ЕАЭО мемлекетінде кезекпен өткізілетін жыл сайынғы іскерлік іс-шара.
Іс-шара ЕАЭО мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларына, мемлекеттік билік органдары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған.
— I ЕЭФ – 2022 жылғы мамыр, Бішкек
— II ЕЭФ – 2023 жылғы мамыр, Мәскеу
— III ЕЭФ – 2024 жылғы 30 қыркүйек – 1 қазан, Ереван
— IV ЕЭФ – 2025 жылғы 26-27 маусым, Минск
— V ЕЭФ – 2026 жылғы 28-29 мамыр, Астана