Қазақстанның Белградта (Сербия) өтетін EXPO-2027 халықаралық көрмесіндегі ұлттық экспозициясы «Play for Humanity: Sport and Music for All» («Адамзат үшін ойын: баршаға арналған спорт пен музыка») тақырыбында ұсынылады.
Бұл тақырып үш негізгі бағыт арқылы ашылады: «Power of Play» («Ойын қуаты»), «Play for Progress» («Прогресс жолындағы ойын») және «Play Together» («Бірлескен ойын»).
Экспозицияда Қазақстанның жетістіктерін, перспективалы әзірлемелері мен таңдалған тақырып аясындағы халықаралық бастамаларын көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, елдің инвестициялық, туристік және инновациялық әлеуетін ілгерілетуге айрықша назар аударылады.
Еске сала кетейік, Осакада өткен EXPO-2025 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан павильоны «С» санатындағы шағын павильондар арасында «Theme Development» («Көрме тақырыбын ашу») басты аталымы бойынша бірінші орынды иеленді. Қазақстан экспозициясын 1,5 миллионнан астам адам тамашалады.
EXPO 2027 көрмесі Белградта 113 гектар аумақты қамтиды. Іс-шараға 140-тан астам мемлекет пен халықаралық ұйым қатысады деп жоспарлануда.