Айтулы оқиға мен Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас хатшысының ресми іс-сапары Қазақстанның белсенді рөлін және жаһандық EXPO қозғалысының дамуына қосқан үлесін айқындады.
EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесі ашылған сәттен бастап Қазақстан павильоны келушілер арасында танымалдылыққа ие.
Қазақстан павильоны өзінің миллионыншы қонағын, Жапонияның Хёго префектурасындағы Амагасаки қаласының тұрғыны Косуке Хасегаваны қарсы алды. Бұл ерекше оқиғаға орай оған арнайы сыйлық табысталды: 2026 жылы Air Astana әуе компаниясы іске қосуды жоспарлап отырған Жапония мен Қазақстан арасындағы жаңа тікелей бағыт бойынша бизнес-класқа билет, сондай-ақ Астана қаласының жайлы қонақ үйлерінің бірінде екі күндік қоныстану мүмкіндігі.
«Мен үшін Қазақстан павильонының миллионыншы қонағы болу үлкен құрмет. Оның заманауи дизайны, креативті тұжырымдамасы мен инновациялық цифрлық контенті ұмытылмас әсерге бөледі. Қазақстанның цифрландыру, экономикалық өсу және инвестициялық әлеуеттегі жетістіктерімен танысу шынымен қызықты болды. Осы сапардан кейін мен Қазақстанға барып, оның тауларын, даласын және табиғатын өз көзіммен көргім келеді», – деді Косуке Хасегава павильонды аралап шыққан соң.
Сонымен қатар Қазақстан павильонын Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Димитри Керкентзес ресми келіп, аралап көрді. Оның павильонға арнайы келуі қазақстандық экспозицияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және мазмұнды екенін көрсетеді. Кездесу барысында Қазақстанның EXPO 2025 көрмесіне қатысуының негізгі тұстары талқыланды.
«EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының павильоны ұйымдастырудың жоғары деңгейі, бай мазмұны мен ойластырылған экспозиция құрылымының арқасында үлкен әсер қалдырады. Тұрақты даму, инновациялар және мәдени әртүрлілік тақырыптары жарқын, дәйекті және терең мағынада ұсынылған, таңдалған басымдықтардың өзектілігін және елдің қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жаһандық көзқарасын көрсетеді. Қазақстан халықаралық көрмелерге қатысуда өз тәжірибелілігін көрсетіп, көзқарасы EXPO көрмелерінің негізгі тұжырымдамасына сәйкес келіп және болашақты қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Павильон ел, оның әлеуеті мен құндылықтары туралы көбірек білуге деген шынайы қызығушылықты, құрмет пен ықыласты оятады», – деп атап өтті ХКБ Бас хатшысы Димитри Керкентзес.
ХКБ Бас хатшысының еліміздің павильонына деген қызығушылығы Қазақстанның EXPO 2025 Osaka-ға миллиондаған адамдардың назарын аударатын және болашақ бастамалар үшін жаңа перспективалар қалыптастыратын, халықаралық қоғамдастықтың сенімін нығайтатын платформа ретінде қатысуының маңыздылығын атап өтті.
«Өмірді біріктіру» кластерінде орналасқан Қазақстан ұлттық павильоны шаңырақ символына негізделген тұжырымдаманы ұсынады және заманауи цифрлық технологияларды елдің мәдени мұрасымен ұштастырады. Экспозиция цифрландыру саласындағы жетістіктермен қатар Қазақстанның экология, туризм, инновация, «жасыл» энергетика және тұрақты даму салаларындағы әлеуетін көрсетеді. Мазмұнды әрі қызықты контент ұсынған павильон жапондық БАҚ-тың да ерекше назарын аударып, бірқатар мақалаларға арқау болды.
Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі 2025 жылғы 13 сәуірде Жапонияның Осака қаласында басталды. Көрменің басты тақырыбы – «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру», ол үш бағыт арқылы ашылады: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру». Жапон көрме қауымдастығының деректеріне сәйкес, бұл шараға 160 мемлекет пен 9 халықаралық ұйым қатысуда. Көрме 2025 жылғы 13 қазанға дейін жалғасады.