Акцияны қолдау аясында NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының медиа қасбеті тура бір сағатқа өшіріледі.
27-наурызда сағат 20.30-да елордамызда «Жер сағаты» экологиялық акциясы аясында ең әйгілі ғимараттардың сыртқы жарықтандыру шамдары өшіріледі. Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақорда, «Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Ұлттық музей, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, сонымен қатар астанамыздың ең көрікті ғимараттарының бірі – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы қасбетті жарықтандырусыз қалады.
«Жер сағаты» – бұл ғаламшар табиғатына және ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аударатын ең ауқымды халықаралық экологиялық науқан. Оған әлемде жыл сайын шамамен 190 мемлекет пен 2 млрд-тан астам адам қатысады. Биыл акция 15-ші рет өтіп жатыр және барлық адамдарды наурыздың соңғы сенбісінде жергілікті уақыт бойынша 20.30-дан 21.30-ға дейін бір сағатқа жарықты сөндіруге шақырады.
Жыл сайын акция аясында әлемге әйгілі ондаған мың ғимарат пен көрікті орындар, соның ішінде Вестминстер сарайы мен Биг-Бен, Эйфель мұнарасы, Колизей, Бранденбург қақпасы, Эрмитаж, Египет пирамидалары және басқалары шамдарын өшіреді.