Болашақты бейнелейтін NUR ALEM
Қазақстанның Тұңғыш Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан төрт жыл бұрын елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі дүркіреп өтті. Дүниежүзілік деңгейде ұйымдастырылған айтулы іс-шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, оны 4 млн адам тамашалады. Жалпақ әлем назар аударған көрмеде жаңашыл ғылыми-техникалық жетістіктермен бірге соған қатысушы елдердің тарихы мен салт-дәстүрі, мазмұнды мәдениеті көрсетілді.
Бірегей ғимарат бедері
«ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесі «Болашақ энергиясы», әлемдік қауымдастықты толғандыратын энергияның баламалы көздері секілді ең өзекті тақырыпқа арналды. Көрме кешенінің жалпы алаңы – 174 гектарды қамтыды. Оның ішінде 25 гектар тікелей көрме аймағына бөлінген, оған Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильоны кірді. Ондағы шар тәрізді кешен «ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық көркем үлгісіне айналды. Қазір мұнда NUR ALEM болашақ энергиясы музейі орналасқан. Бүгінде аталған мұражай Париждің Эйфель мұнарасы немесе Лондонның Хрусталь қамалы секілді көпшілікке танылып қалды. Біз бүгін осы музей туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.
Қазір NUR ALEM – адамдар ең көп баратын туристік нысанның бірі. Одан қала тұрғындары мен қонақтары заманауи жаңа технологиялар туралы тың ақпарат алады. Сонымен қатар ол 2017 жылдың қараша айынан ерекше қорғалатын мемлекеттік сәулет нысаны болып танылды.
«QazExpoCongress» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергебаеваның айтуынша, NUR ALEM нысаны – диаметрі 80 метр және биіктігі 100 метр болатын шар пішінді әлемдегі бірегей ғимарат. Мұражайдың металл конструкциясының салмағы – 13 мың тонна – бұл әйгілі Эйфель мұнарасынан екі есе көп. Ғимараттың ауданы бес футбол алаңына тең. Әр әйнектің өзіндік құрылымы бар және салмағы 800 килоға дейін тартады.
– Музей ашылғаннан бастап, апта сайын бізге екі мыңнан астам адам келеді. Cондай-ақ елімізге ресми сапармен келген мәртебелі қонақтар да музейге ат басын бұрмай кетпейді. Негізі, бізде жұмыс істейтін экскурсоводтардың орташа жасы – 25. Олар қазақша, орысша, ағылшынша емін-еркін сөйлейді. Қытай, түрік тілдерін де меңгерген. Музейге кіру билетінің құны да қолжетімді, бар болғаны – 1500 теңге. Зейнеткерлер мен оқушыларға – 500 теңге, студенттерге – 800 теңге жеңілдік жасалған. Ал барлық топтағы мүгедек азаматтар, көп балалы аналар, жетім балалар және алты жасқа дейінгі балдырғандар тегін кіреді, – дейді Гүлжан Сергебаева.
Ғарыш әлемінің ғаламаттары
NUR ALEM мұражайы 8 қабаттан тұрады. Әр қабат арнайы тақырыпқа бөлініп, жасақталған. Біз экскурсияны сегізінші қабаттан бастадық. Бұл «Болашақ астана» деп аталады. Мұнда 2050 жылға дейінгі Нұр-Сұлтан қаласының сәулетті макеті қойылған. Онда шаһардағы ең көрікті, адамдар жиі баратын «Бәйтерек», «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Пирамида», «Хан Шатыр», «Астана Опера» театры, «Назарбаев орталығы» секілді сәулетті нысандар көрініс тапқан. Сондай-ақ Елбасының өзі бас болып қолға алған астананың айналасын абаттандыруға арналған жасыл белдеу жобасы да айшықты бейнеленген. Осы қабатта бізді таңғалдырған, 83 метр биіктікте орналасқан шыны көпір. Экскурсовод Тоғжан Сержанқызының айтуынша, шынының қалыңдығы 4 см құрайды. Өте берік жасалған. Шыны көпір 7 тоннаға дейінгі жүкті көтереді. Біз де аталған көпірден «бісміллә» деп өтіп көрдік. Мөлдіреп тұрған шыныдан төменге қарағанда ептеп бойымызды қорқыныш биледі.
Сонымен қатар осы қабатта екі үлкен дүрбі орналасқан, онымен сіз қаланың көрікті жерлерін жақыннан көресіз. Қазір жер бетіндегі адам саны 7 миллиардқа жетсе, 2050 жылға қарай 9 миллиардқа барады деген болжам бар. Соған байланысты электр энергиясын үнемдейтін түрлі жобамен танысуға болады. Ересектер мен балаларға арналған «Жасыл қала» атты танымдық ойын келушілердің қызығушылығын туғызады.
Ал жетінші қабат «Ғарыш энергиясы» деп айтылады. Бұл арада ғарыштан қуат өндіру бойынша болашақты болжайтын жобалар мен ғылыми-зерттеулер берілген.
Айтпақшы, әр қабатта сізді робот-тосып алады. Мәселен, сегізінші қабаттағы робот «Болашақ» деп аталса, жетінші қабаттағы құлтемір, планета құрметіне «Шолпан» деп қойылған. Бұл роботтар қазақша, орысша және ағылшынша сөйлеп, қысқаша ақпарат береді. Тағы бір ерекшелігі, олар ғаламторға қосылғандықтан сіздің кез келген сұрағыңызға жауап табады. Тіпті әзіл айтып, би билейді. Осы қабаттағы басты экспонат – планетарий. Онда осыдан 13 миллиард жыл бұрынғы ғаламшарымыз қалай болғандығы туралы видео көрсетеді. Дәлірегінде үлкен жарылыс теориясын көзбен көресіз. Бұл ақпарат үш тілде дайындалған, алғаш ғаламның қалай пайда болғандығын 3-4 минут ішінде түсіндіреді.
Содан кейін халықаралық ғарыш стансасының макеті қойылған. Аталған ғарыш стансасының негізін Америка, Ресей, Жапония және Еуропа елдерінің 5-6 компаниясы қалаған, осы компаниялар туралы маңызды мәліметтермен танысасыз. Бұл ғарыш стансасы күніне 15 айналым жасайды, негізінен 350-435 метр биіктікте орналасқан. Орташа жылдамдығы 28 мың шақырымды құрайды. Корабльдің ішіндегі оттегі алты адамға есептелген. Корабльдің үлкендігі бір футбол алаңын қамтиды. Бір уақ тарихқа үңілсек, халықаралық ғарыш стансасы 1984 жылы АҚШ президенті Рейганның идеясымен қолға алынған. Содан бері түрлі тәжірибе жасалынды, тек 2001 жылы ғана алғаш рет халықаралық ғарыш стансасы аспан әлеміне сапар шекті. Оның басқалардан айырмашылығы түрлі ғылыми тәжірибелерді жүргізеді. Айта кетейік, халықаралық ғарыш стансасын құруға 83 елден ғылыми-зерттеу жұмыстары жұмылдырылған, ол үшін жүз мыңнан астам ғарыш агенттігі жұмыс істеген. Одан қалды 100 миллиардтан аса еуро ғарыш стансасының жасалуына жұмсалған. Бұл стансаның тағы бір ерекшелігі, ол энергияны аспан әлемінде күн панельдерінен алады. 2024 жылы халықаралық ғарыш стансасы жұмысын тоқтатады деп есептелген. Өйткені одан кейін Марсты зерттеу операциясы басталады деп жобаланды. Бірақ ол әлі белгісіз. Сонымен бірге ғарышкерлердің киімі, азық-түлігі, тұтынған заттары да көрнекі жерден орын алған. Ғарышкерлердің айдың бетіндегі зерттеулері де қызықты бейнеленген.
Күн энергиясының қуаты
Алтыншы қабатқа көтерілгенде «Күн энергиясы» бөлімінен күн қуатын пайдаланудың ежелгі дәуірде қолданған түрлі тәсілінен бастап, қазіргі заманауи озық технологияларға дейінгі құрал-жабдықтармен танысасыз. Алдымен күн макетінің ішіне кіргенде күн шұғыласы сапарынан сыр шертетін қысқаша бейнеролик көрсетіледі. Онда түрлі елдің және қазақтың таңбалы тастарға байланысты мифологиясы келтірілген. Сондай-ақ жер планетасы глобусынан күннің жердің қай бөлігінде көбірек, қай бөлігінде азырақ екендігі айқын берілген. Күн мен түннің ауысуы да ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Бізді таңғалдырған тағы бір экспонат – атақты ABB швейцариялық компаниясының күн панельдерінен жасаған Solar Impulse ұшағының макеті. Бұл ұшақ «ЭКСПО−2017» көрмесінің алдында Әбу Дабиден бастап, күн энергиясын пайдалана отырып, жерді айналып шыққан. Осыған қарап, күн энергиясымен әлемді шарлауға болатындығын түсінесіз. Қазір осы ұшақты жасаған компания күн энергиясымен жолаушылар тасымалдайтын ұшақтар шығаруды жобалап отыр.
Бесінші қабаттағы «Жел энергиясынан» келушілер табиғаттың ең көркем көрінісі – Аврора немесе Поляр шұғыласын көреді. Ондағы үлкен екі глобустың біріншісі − материктің қай жерінде қатты жел соғатындығын көрсетсе, екіншісі – желдің ауа массасының қозғалысын бедерлейді.
Осындағы көз тартарлық жәдігердің бірі – Бофр шкаласын көрсететін аэродинамикалық құбыр. Оның ішінде бофр шкаласы бойынша 3, 5, 7 мәндегі жердегі жиі кездесетін желдің жылдамдығы саналады.
Сондай-ақ жел генераторларының макеті де айшықты. Айталық, Испания компаниялары ойлап тапқан қарапайым жел генераторларының көп шуы болғандықтан, ғалымдар оның құстарға зиянды екендігін байқаған. Сондықтан аталған компания генераторлардың қалақшаларын алып тастап, жаңа технология ойлап тапқан. Осы қабатта отандық ғалымдар жасаған жел генераторлары да қойылған. Бұлардың бөтен шуы жоқ, әрі энергияны да екі есе көп алады. Сонымен қатар ауа су бұрқағы технологиясы да өзгеше. Одан ауа массасының қозғалысын көресіз.
Төртінші қабатта күн энергиясының «қоймасы» болып табылатын биомасса – дәнді дақылдардың түрлерін қамтитын жасыл панорама алаң түрінде ұсынылған. Мұнда балаларға арналған ойын алаңдары мен жылы жайлар орналасқан.
Қазақтың күйі күмбірлейді
Үшінші қабат толықтай «Кинетикалық энергияға» арналған. Бұл жерден ертедегі адамдардың энергия өндіруі түрлі мазмұнды макеттермен бейнеленген. Сонымен бірге кинетикалық энергияға байланысты тарихи артефактілермен таныстыратын динамикалық суреттері бар архив материалдары да өткен жылдардың шежіресін баяндайды. Мәселен, немістер жасап шығарған көлікке отырған адам, машинаның педалімен энергия жинайды. Сол энергия күшімен көлік өзі жүреді. Машинаның орташа жылдамдығы сағатына 85 шақырымға дейін жетеді.
Сондай-ақ велосипедпен визуалды экскурсияға шығуға болады. Ол үш деңгейден тұрады: бірінші, саябақтармен қыдырасыз, екінші, қазақтың жазық даласымен серуендейсіз, үшінші, астананың көрікті көшелерімен жүресіз. Соның бәрі экраннан көрініп отырады. Бұл ойынның бір ерекшелігі, сіз велосипед тебу арқылы қанша энергия жинағаныңызды білесіз. Бізді pavegen технологиясы таңғалдырды. Мұны ұлыбританиялық ғалымдар шығарған. Алғаш рет бұл құрал тәжірибе ретінде Ұлыбритания мектептерінде қолданылған. Яғни оқушылардың қимыл-қозғалысы мен жүрісінен білім ордасы энергия алады. Осындағы тағы бір экспонат – «кинетика дөңгелегі» деп аталады. ЭКСПО көрмесі болғанда Cirque du Soleil циркінің әртістері осы макеттегі шарларға тұрып, дөңгелекті қозғалысқа келтіріп, энергияны жинауға болатындығын дәлелдеген.
Енді екінші қабаттағы «Су энергиясы» бөлімі судың көмегімен энергияның пайда болу процесін көрсететін бөгеттің инсталяциясынан басталады. Мұнда су энергиясын өндірген ежелгі су доңғалақтарының үлгісі ұсынылған. Су энергиясын өндіруде, сарқырама – ең негізгі ресурс болып саналады. Мысалы, су энергиясының 76 пайызын осындай сарқырамалардан алады. Тағы бір көз тоқтатын экспонат – суасты кемесінің макеті. Сіз оның ішіне кіріп, мұхитта немесе теңізде жүзіп жүрген неше түрлі балықтарды байқайсыз. Сондай-ақ жасанды толқын тудыратын шотландиялық технология да ғылымның қандай деңгейде дамығандығын дәлелдейді.
Ал бірінші қабат толықтай ел тарихын баяндайды. Бұл қабат екі кіші аймаққа бөлінген: біріншісінде – Қазақстанның алуан түрлі және кең ландшафттары, мәдениеті, тарихы, бүгіні мен болашағы бейнеленсе, екіншісінде − «Жасампаз қуат» аймағында энергетика саласындағы отандық ғалымдардың жетекші жобалары мен отандық термоядролық реакторының моделі бедерленген. Мұражайға келген қонақтар алдымен он екі қанат ақ боз үйдің ішіне кіріп, сонда тұрған экспонаттармен танысады. Мәселен, бір экспонат «Қонақжайлық қабырғасы» деп аталады. Одан ата-бабадан жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз жайында мағлұмат аласыз. Сондай-ақ аңыздағы «Алтын кесе» макеті де тартымды. Домбыра, адырна, қобыз, сыбызғы, шертер, жетіген секілді ұлттық музыкалық аспаптардан түзілген экспонаттар да менмұндалап тұр. Мәселен, жетіген шегін шертіп қалсаңыз өзіңіз таңдаған бір күй күмбірлей жөнеледі. Сонымен қатар виртуалды шындық арқылы Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарларын аралайсыз.
Экскурсовод Тоғжан Сержанқызы мұражайда мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ашық сабақтар мен дәрістер жиі өтетіндігін айтады. Қазіргі күрделі кезеңге дейін музейге еліміздің әр өңірінен түрлі жобамен 450 оқушы келеді екен.
Сөзімізді түйіндей келе, елорда төріндегі NUR ALEM мұражайы көне мен жаңаның қабысқан жері ғана емес, бүгінгі заманауи технологиялар туралы алымды ақпарат алып, жаныңыз рухани азыққа молайып қайтатын орын десек артық болмайды. Біз өзіміз сондай сезімді бастан кештік.
Азамат ЕСЕНЖОЛ
Материалға сілтеме: https://egemen.kz/article/273848-bolashaqty-beyneleytin-nur-alem