Сонау 1998 жылғы 10 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ресми таныстырылып, халықаралық тұсаукесері өтті. Ал осыдан 4 жыл бұрын – 2017 жылғы 10 маусымда әлем елдерінің назары тағы да Қазақстанға ауған болатын. Дәл осы күні елордада баламалы энергия көздері мен жасыл технологияға негізделген EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтті. ТМД мен Орталық Азия елдерінде алғаш рет Қазақстанда өткізілген көрме «Болашақтың энергиясы» деп аталды. Бас-аяғы 3 айға жалғасқан халықаралық іс-шара еліміздің өндірісі мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік берді.
Халықаралық көрмені елімізде ұйымдастыру Елбасының бірегей идеясы болатын. Алғаш 2012 жылғы 12 маусымда Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының отырысында Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан жеңіп шыққан жағдайда көрменің сәтті жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Аталған жылдың 22 қарашасында жасырын дауыс беру нәтижесінде Астана қаласы EXPO-2017 көрмесін өткізу орны ретінде таңдалды. 161 мемлекеттің 103-і көрменің Қазақстанда өткенін қолдап дауыс берген.
Елбасының халықаралық көрмені елімізде өткізу туралы шешімі бір күнде қабылданған жоқ. Көрмені елімізде ұйымдастыруға Тәуелсіздік жылдары еліміздің ғылым, экономика және дипломатиялық қатынастар саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуі, жасыл экономика мен баламалы энергия көздеріне көшу қажеттігі әсер етті.
Көрме энергияны үнемдеу саласындағы әлемнің үздік технологияларын жинақтауға мүмкіндік берді. Қазақстан қатысушы мемлекеттерге жасыл экономиканы, төмен көміртекті технологияларды және энергия тиімділігін дамыту мәселелерін талқылауға арналған диалог алаңын ұсынды. Алғашында көрмеге 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарланған, алайда іс жүзінде 115 мемлекет пен 25 халықаралық ұйым қатысты. Сондай-ақ көрмеге барлығы 2 млн адам келеді деп болжанған болатын. Бірақ келушілер саны да екі есе асып түсіп, 4 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіштер көрмені елімізде өткізудің маңызы мен мәнін тағы бір рет танытты.
Елбасы EXPO-2017 көрмесін тек халықаралық қоғамдастықтың болашағына салынған инвестиция ретінде ғана емес, өз халқының дамуымен бірге қарастырды. Халықаралық көрменің ел экономикасына әкелген пайдасы зор. Көрме нәтижесінде экономика саласы бойынша ұсынылған жобалар арасында 133 (мұнай және газ саласы бойынша – 27, экология бойынша – 36, көмір өнеркәсібі бойынша – 7, электр энергиясы, энергияны үнемдеу және жаңартылған энергия көздері – 63) технология қолданысқа енгізілді.
Ауқымды шара экономиканың бизнес секторының дамуына оң ықпал етті. Дайындық жұмыстарынан бастап, құрылыс жұмыстарына дейін отандық шағын және орта бизнес құрылымы тартылды. Бұл астаналық, аймақтық кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуына үлкен септігін тигізді. Сол тұста кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан асып, қала бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық көлемі 1,2 есе артты.
EXPO-2017 көрмесін өткізу бас қаланың дамуына да тікелей әсер етті. Көрме өткізілген кезеңде елордаға жалпы 5,4 млн адам келсе, оның 4 миллионы EXPO кешенін тамашалауға барған. Қалада жаңадан 11 көше салынып, тұрғындар мен қонақтарға арналып салынған 47 мейрамхана өз жұмысын бастады. Жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Астана маңызды туристік қала ретінде ШЫҰ мен ТМД елдері арасындағы рейтингте үздік бестіктен көрінді.
2017 жылғы 6 қазанда Парижге ресми сапармен барған Қазақстан делегациясы Халықаралық көрме бюросы Атқарушы комитетінің кезекті отырысына қатысты. Жиында EXPO-2017 комиссары халықаралық мамандандырылған көрмені жоғары деңгейде абыроймен өткізген Қазақстан халқын құттықтап, іс-шараның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, еліміздің инновациялардың дамуына мұрындық болғанын ерекше атап өтті. Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес EXPO-2017 келешекке жоспарланған халықаралық көрмелерге үлгі болады деп бағалағанын ұмытқанымыз жоқ. Расында бұл көрме еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлкен арқау болды.
Гүлжан СЕРГИБАЕВА,
«QazExpoCongress» ҰК» АҚ
баспасөз хатшысы:
EXPO-2017 көрмесі – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды жетістік
– Осыдан тура 4 жыл бұрын – 2017 жылғы 10 маусымда елордада EXPO-2017 Astana халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылған болатын. EXPO – тек тарих қойнауына кеткен елеулі бір кезең ғана емес, бүгінде жұмысын сәтті жалғастырып жатқан үлкен мұра.
EXPO-2017 көрмесі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі ел абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен көрме – жалпы EXPO тарихындағы ең сәтті өткен мамандандырылған көрмелердің бірі ретінде бағаланды.
2017 жылғы 10 қыркүйекте EXPO-2017-нің жабылу салтанатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев көрме еліміздің экономикасының одан әрі дамуына ерекше серпін бергенін атап өтті. Саралап қарасаңыз, көрмені өткізудегі түпкі мақсат орындалды, еліміздің әлемдік аренадағы имиджі нығая түсті және ұлттық бренд қалыптасты. Көрменің аяқталуы басқа да жаңа жобалардың басталуына себеп болды. Осылайша EXPO алаңындағы көрме нысандары ары қарай қызметін жалғастыра берді.
Көрме аяқталған соң Москва-сити (Мәскеу), La Défense (Париж), Canary Wharf (Лондон) және Downtown Core (Сингапур) сияқты әлемнің жетекші іскерлік орталықтарының үлгісі бойынша нысандарды көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Негізі EXPO аумағындағы ресурстар көрмеден соң ел мен халыққа пайдалы болу мәселесі көрме инфрақұрылымын жобалау кезеңінде-ақ қамтылған болатын. Бұл мақсатта кешен аумағында серпінді жобаларды іске асыру үшін жаңа инновациялық экожүйе қалыптастырылды.
EXPO көрмесі арқылы елімізде іскерлік экожүйе қалыптасты. Бүгінде EXPO аумағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғырланған елорданың іскерлік орталығына айналды. Бүгінде EXPO кешені – ғылым, ақпараттық технология мен экономиканы дамытудың орталығы. NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы және Конгресс орталығы маңызды ғылыми және мәдени мұра болып, соңғы 4 жыл ішінде ел мен елорда халқы үшін ең жарқын және маңызды іс-шаралар өтетін орынға айналды.
Бүгінде «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясының стратегиясына сәйкес компания біртіндеп өз шығынын өзі өтейтін болады. Бұған нысандарды коммерцияландыру, көрме іс-шараларын өткізу және пайдалану шығындарын қысқарту арқылы қол жеткізіледі.
Биыл EXPO халықаралық көрме орталығында Automechanika Astana, ULTTYQ ÓNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Smart City Expo Nur-Sultan» ақылды қалалардың халықаралық IT-конгресін өткізу жоспарда бар.
«EXPO-2017 Astana» көрмесі бір мезеттік, жылт еткен оқиға емес, өміршең жоба екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Ол тарихты, бүгін мен болашақты байланыстыратын орталыққа айналды. Бүгінде EXPO кешені тың идеялар мен инвестицияларды, сондай-ақ еліміздің ақылды адамдарын бір жерге шоғырландыратын, елорда қонақтары мен тұрғындарының көз қуанышына айналған өзіндік өмір ырғағы мен ерекше рухы бар экожүйеге айналды.
«EXPO-2017 Astana» көрмесінде Қазақстан Дубайға Халықаралық көрмелер бюросының туын табыс еткен болатын. Биыл еліміз 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурызға дейін Дубайда өтетін Дүниежүзілік EXPO көрмесіне қатысуға белсенді дайындалып жатыр. «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» ұранымен өтетін көрмеге біздің еліміз бай тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ елдің туристік әлеуетін, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынады.
Әсел НҮРКЕБАЕВА,
«Open Travel Advisory» компаниясының бас директоры:
Елорда туристерді тартатын ғаламдық қалаға айналды
– EXPO-2017 халықаралық көрмесі – ел тарихында қалатын ірі оқиғалардың бірі. Әлемге елордамыздың қайталанбас сәулет өнерін паш етіп, болашаққа бағдар сілтеген іс-шара әлем елдерінің қызығушылығын тудырды. Қатысушы мемлекеттер ортақ тіл табысып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Астана жаңа диалог алаңына айналды.
Халықаралық мамандандырылған көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы болды. Өзім туризм саласында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқандықтан бұл бағытта қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын білемін. Компания көрмені ұлттық бренд деңгейіне көтеру жолында АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Монако, Түркия, Қытай сияқты Қазақстанның қазіргі ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық бағыттарды айқындады. Компанияның өнімді жұмысының нәтижесінде шетелдік баспасөз беттерінде Қазақстан, Астана және көрме туралы мақалалар көптеп жарық көріп жатты. Еліміз жайлы танымдық видеоматериалдар түсіріліп, шетелдік қонақтарға презентациялар таныстырылып, Қазақстанның имиджін қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарылды. Жасалған жұмыстың нәтижесінде тіпті EXPO кезінде Қазақстанға келмеген шетелдіктердің өзі Қазақстан, Астана туралы ақпаратқа қаныға бастады. Қазақстанның қай жерде екенін әлем картасы мен Google-дан іздеушілер саны артты.
Көрме барысында Қазақстанда туроператорлардың қызметіне сұраныс 1,8 есеге арттырды. EXPO нәтижесінде елорда әлем елдерінен туристерді тартатын заманауи ғаламдық қала екенін паш етті. Шетелдік туристер халқымыздың дархан көңілі, таза пейілі мен қонақжайлылығына тәнті болды. Еуразия жүрегінде әлем елдерінің мәдениеті мен гуманитарлық байланысы нығайып, бас қала тұрғындары мен қонақтары 30-дан астам елдің мәдениеті мен өнерін тамашалады.
Қазір өзім Норвегияда тұрып жатырмын. Норвегиялықтар «Қай елденсің?» деп сұрағанда «Қазақстан» десеңіз, бірден Astana, EXPO деп таңданып жатады. Шетелде тұратын қазақстандық ретінде туған жерім жайында норвегиялықтардың білгені қуантады.
Арайлым Бимендиева
Материалға сілтеме: https://turkystan.kz/article/148414-el-men-expo/