EXPO іскерлік орталығы аумағындағы елорданың басты көрікті нысаны – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының қасында шілдеден қыркүйектің соңына дейін, қала тұрғындары мен қонақтарына бірегей кеңістік ұйымдастырылды. Онда отандық және шетелдік атақты суретшілердің, мүсіншілер мен фотографтардың көрмелері, музыканттардың жанды дауыста орындауында шығармалар ұсынылып, сонымен қатар кітапханалар, фото аймақтар мен гүл аллеясы ұйымдастырылған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жобаны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ мен Еуразиялық мәдени альянс іске асырып отыр.
EXPO аумағында қойылған өнер туындылары аумақтың бірегей шығармашылық атмосферасын көрсетіп, заманауи ашық аспан астындағы галерея секілді әсер қалдырады.
EXPO шығармашылық кеңістігінде Саид Атабеков, Арыстанбек Шалбаев, Молдақұл Нарымбетов, Мұрат Ділманов, Валерий Казас және Андрей Люблинский сияқты көрнекті қазақстандық және шетелдік суретшілердің 5 тұрақты және 7 уақытша туындылары, сондай-ақ бірқатар интерактивті объектілер бар.
12 авторлық заманауи өнер туындысы жаяу жүргіншілер ағыны, орын архитектурасы мен туындылар қойылған контекстін ескере отырып орналастырылған. Айталық, Сәкен Нарынов («Уақыт пен кеңістікте», «Энергия сиқыры»), Марк Форнес («Minima/Maxima») және Эндрю Роджерс («Ашылмалы энергия») сияқты суретшілердің қолданыстағы 4 мүсінін толықтырып, Орталық Азиядағы мүсіндердің бірегей саябағын құрайды. Осылайша халықаралық суретшілердің туындылары қазақстандық авторлармен диалогты жандандырып, әртүрлі мәдениеттер арасында жаңа қарым-қатынас қалыптастырады. Көпшілік жиналатын кеңістіктегі өнердің маңызды критерийі оның қол жетімділігі болып табылады – әркім автордың идеясын тегін және кез келген уақытта тамашалап, өнермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар мүсіншілер ансамблінен басқа, EXPO аумағында апта сайын көше музыканттарының әр түрлі қойылымдары өткізіледі, сондай-ақ көркем және заманауи әдебиеттің үлкен қоры бар екі интерактивті кітапхана жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, жазғы іс-шаралар пандемия жағдайында өтіп жатқандықтан, іс-шаралар кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақталады, соның ішінде әлеуметтік ара қашықтық, жеке қорғаныс құралдарын қолдану, дезинфекция, сондай-ақ келушілерді «ASHYQ» қосымшасы арқылы қабылдаймыз.