2021 жылғы 22-24 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Kazakhstan Machinery Fair» машина жасау және металл өңдеу бойынша халықаралық мамандандырылған көрмесі және «Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығы» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтіп жатыр.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырды.
Іс-шараның ресми ашылу күнінде экспозицияны көруге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр қатысты.
«EXPO» ХКО-ның басты көрме залында Қазақстан Республикасы мен жақын шетелдердің индустриялық даму саласындағы жетекші жобалары қойылды. Аумағы 6 мың ш.м. көрмеде Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Қытай, Дания, Беларусь, Польша, Чехия, Германиядан келген 200-ден астам компания машина жасау, тау-кен металлургия кешені, химия өнеркәсібі, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі және су индустриясы салаларындағы жаңа өнімдерін таныстырады.
Көрмеге қатысушылар арасында СарыАрқаАвтоПром, Агромашхолдинг, Hyundai Trans Kazakhstan, ҚазАзот, Теңізшевройл, Vericut, Mitutoyo, HEXAGONMI, ESAB, Grundfos Қазақстан, QuantRobotics, Kazakhmys, Пенетрон-Қазақстан, АрселорМиттал, Kulan Oil, KSP Steel, HeidelbergCement, Ламэд, АМАДА, Herrenknecht AG, Қазақстан электролиз зауыты, КЕЛЕТ, Алматы ауыр машина жасау зауыты, W&T Group және басқалары бар.
Ұжымдық стендтер аясында Ресей Федерациясының Башқортостан Республикасы, Удмурт Республикасы, Свердловск және Пенза облыстары кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды.
Бұдан басқа, 22 қыркүйекте машина жасау саласының өзекті мәселелерін жүйелі шешуге арналған басты диалог алаңы – Қазақстан машина жасаушыларының IX форумы басталды. Форум аясында ҚР Үкіметі мүшелерінің қатысуымен пленарлық отырыс, сондай-ақ мұнай-газ машина жасау, автомобиль жасау, машина жасау технологиялары, ауыл шаруашылығы және электротехникалық машина жасау тақырыптары бойынша секциялық отырыстар өтуде.
Іскерлік бағдарлама аясында барлығы 30-дан астам іс-шара, оның ішінде «ҚР-дағы химия өнеркәсібін дамытудың жай-күйі мен перспективалары» конференциясы, Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесінің отырысы, елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары бойынша республикалық кеңес, ҚР-дағы тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, сарапшылар қауымдастығының «Құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу. Міндеттер мен инновациялар» отырысы өтеді.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту мемлекеттің индустриялық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осындай форматтағы жыл сайынғы іс-шараларды өткізу қазақстандық кәсіпорындардың технологиялық дамуы және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік және халықаралық серіктестермен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, экспорттық әлеуетті дамыту және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қажетті жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Айта кетерлігі, «EXPO» ХКО алаңындағы іс-шаралар әлеуметтік қашықтықты, жеке қорғаныс құралдарын пайдалануды және келушілерді «Ashyq» қосымшасы арқылы кіргізуді қамтитын барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізіліп жатыр.