EXPO дүниежүзілік көрмелеріне қатысудың нәтижесі қатысушы елдердің халықаралық, экономикалық, саяси, мәдени және ғылыми байланыстарын дәстүрлі түрде кеңейту болып табылады. Қазақстанның EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесіне қатысуы инвестиция тартуға және еліміздің халықаралық сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға ықпал етеді. Ұлттық павильон алаңында оқиғаға толы іскерлік бағдарламасы пысықталды, EXPO 2020 Dubai көрмесі өтетін кезеңде 30-дан астам іскерлік іс-шара жоспарланған. Мәселен, 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық күнін мерекелеу аясында көрмеде қазақстандық сауда-инвестициялық форум өткізіліп, оның нәтижесінде Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар маңызды стратегиялық құжаттарға қол қойылды.
Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық павильонда бірқатар салтанатты іс-шаралар өткізілді.
Бұл күннің басты оқиғасы Dubai Millenium Amphitheatre алаңындағы мерекелік концерт болды. Концертке Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева мен Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Қазақ халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Зарина Алтынбаева, IL CANTO вокалдық квартеті қатысты.
Бұдан басқа, балалар аудиториясына арналған мерекелік іс-шаралар шеңберінде Eurasian Kids Fashion Week 2021 балалар сән әлемі аптасының көрсетілімі өтті, онда Қазақстаннан келген дизайнерлердің 11 коллекциясы көрсетілді.
Сондай-ақ павильон алаңында 17-19 желтоқсан аралығында Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеуге орайластырылған «Алматы қаласының күндері» өтеді. Мұнда оңтүстік астананың заманауи арт-жобалары ұсынылатын болады.