24 наурызда Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығының қолдауымен EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы павильонының алаңында «Қазақстанның серпінді жасыл технологиялары» атты презентация өтті. Іс-шараны «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – әлеуетті инвесторларды тарту, қазақстандық технологиялар мен әзірлемелерді Таяу Шығыс елдеріне экспорттау арқылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттарын ашу.
Іс-шара аясында күн энергиясы, электрондық өнеркәсіп, азық-түлік қауіпсіздігі және медицина саласындағы 4 бірегей технология таныстырылды. Бұл технологиялар әлеуетті инвесторларға түпкілікті өнімдердің тиімділігі, табыстылығы және бәсекеге қабілеттілігі тұрғысынан қызықты болуы мүмкін.
Осылайша, Silica Metals компаниясы күн энергетикасы мен электрондық өнеркәсіп қажеттіліктері үшін поликремнийді тиімді өндіру технологиясын қатысушылар назарына ұсынды. Бұл технология кремний төсеніштерінің құнын төмендету арқылы күн панельдері мен жартылай өткізгіштердің өндірісін едәуір арзандатуға мүмкіндік береді.
LED System Media ЖШС өкілі жылыжайларда және ауыл шаруашылығында пайдалануға арналған революциялық жаңа нанофосфорлы жарықдиодты шамдар туралы айтып берді. Мұндай шамдар фермерлерге химиялық заттарды қолданбай өнімділікті 30% арттыруға мүмкіндік береді, өйткені жарықдиодты шамдардың сәулелену спектрі күннің нұрына сәйкес. Жылыжайларда қолданылатын дәстүрлі шамдардан айырмашылығы, жарықдиодты шамдар әлдеқайда үнемді.
Diamed ЖШС қазақстандық ғалымдардың екі технологиялық әзірлемесін ұсынды – ПТР тестілеріне арналған амплификатор және аурулардың кең спектрін диагностикалауға арналған бірегей ПТР тесттер. Жаңа амплификаторлар басқа өндірушілердің ұқсас құрылғыларымен салыстырғанда ықшам, мобильді және бағасы қолжетімді. Ал отандық өндіруші дайындап шығарған ПТР тестілері реакцияларды анықтау сапасы мен уақыты бойынша әлемдік аналогтармен бірдей бола тұра, құны төмен және қолжетімді.
Іс-шараға БАӘ мемлекеттік құрылымдары мен бизнес өкілдері, әлеуетті инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, EXPO 2020 көрмесі Дубайда 2021 жылғы 1 қазан мен 2022 жылғы 31 наурыз аралығында өтуде. Көрме тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». EXPO 2020 Dubai ұйымдастыру комитетінің деректері бойынша 19 наурыздағы есеп бойынша көрмеге 20 млн адам келді.
Қазақстандық павильон көрме павильондарының арасында адамдар ең көп баратын павильондардың бірі және EXPO 2020 ұйымдастыру комитетінің ақпараты бойынша үздік 10 павильонның қатарына кіреді. Бүгінгі таңда павильонға 1,5 млн-нан астам адам келіп кеткен.
Айта кетерлігі, ол туристік қызығушылықтан бөлек халықаралық бизнес-топтар арасында жоғары іскерлік қызығушылыққа ие болып отыр. Көрме ашылғалы павильон алаңында 50-ге жуық іскерлік және мәдени іс-шаралар жоспарланған.