7 қыркүйекте елорданың ең танымал көрікті жерлерінің бірі NUR ALEM Сферасы келушілерге есігін айқара ашады. Мұражай жұмыс күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Елорда тұрғындары мен қонақтары NUR ALEM-ге келгенде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін санитарлық талаптарды ұстану қажет. Келушілер медициналық маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Мұражайға кірген кезде келушілердің дене қызуы арнайы құрылғымен өлшенеді, сонымен қатар объектіде антисептиктер мен санитайзерлер орнатылған.
Мұражайға келушілерді сфералық пішінді бірегей ғимараттың сегіз қабаты бойынша қызықты экскурсиялар күтеді. Бірінші деңгейде «Ұлттық павильон» орналасқан, онда Қазақстанның ландшафттары, мәдениеті, тарихы, бүгіні мен болашағы көрсетілген. 2-7 қабаттарда келушілер ғарыш, күн, жел, су, биомассалар мен кинетикалық энергияға арналған экспозициялармен таныса алады. Мұнда бөгеттің көркемдік қондырғылары, кинетикалық энергияға қатысты тарихи артефактілер ұсынылған. Жел аллеясында келушілер желдің әртүрлі жылдамдығын сезіне алады. Ең жоғарғы қабатта туристердің назарына Қазақстан астанасының болашағын көрсететін экспозиция ұсынылады. Қаланың мүсіндік моделі тұрақты даму мен экологиялық тиімділікті сипаттайды. Сондай-ақ барлық қабаттарда робот-гидтер жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, мұражайға бір рет кіру билетінің бағасы 1500 теңгені құрайды. ҚР азаматтарының белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған: оқушылар мен зейнеткерлер үшін билет құны 500 теңге, студенттер үшін – 800 теңге. ҰОС қатысушылар, барлық топтағы мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы аналар және 6 жасқа дейінгі балалар NUR ALEM-ге тегін кіре алады. Азаматтар өзімен бірге жеке куәлік пен жеңілдікті растайтын құжат ала келу керек.
Келушілерге ыңғайлы болу үшін NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайында 3 мың көлікке арналған жерасты тұрағы тәулік бойы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, EXPO іскерлік орталығында тамақтану орындары мен мейрамхана бар.
NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы келушілерді күтеді!