Жаңа жыл қарсаңында «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы елорда тұрғындары мен қонақтарына EXPO іскерлік орталығы аумағында қысқы іс-шараларды ұйымдастырды.
Елорданың басты көрікті жері – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы 31 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін 12 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жұмыс істейді. Сондай-ақ мұражай мереке күндері жаңа жұмыс кестесіне көшеді:
– 30 желтоқсан – сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін;
– 31 желтоқсан – сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін;
– 1 қаңтар – сағат 14:00-ден 20:00-ге дейін;
– 2-8 қаңтар – сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін.
Мұзайдыны. NUR ALEM мұражайының маңында ашық аспан астындағы мұзайдыны бар. Мұзайдынның ауданы 1 300 шаршы метр. Бір сағаттық сеансқа конькиді жалға алу құны – 500 теңге, ал өз конькиімен келгендер тегін кіре алады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін киім ауыстыратын бөлме, қоғамдық тамақтану орындары және тәулік бойғы 3 мың көлікке арналған жерасты паркингі қарастырылған.
Мұзайдынның жұмыс кестесі:
– 31 желтоқсан сағат 12:00-ден 21:00-ге дейін;
– жұмыс күндері сағат 12:00-ден 23:00-ге дейін;
– демалыс күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін.
Балаларға арналған сырғанақ. Сырғанақта балалар өз баллондарын алып келіп сырғанай алады. Биіктігі 5 метр, ұзындығы 14 метрден асады. Сондай-ақ тюбингтерді жалға беру орны бар. 2 сағаттық сеансқа жалға алу құны – 1000 теңге.
Балалар сырғанағының жұмыс кестесі:
– сағат 12:00-ден 21:00-ге дейін.
Жаңажылдық тосынсыйлар мұнымен біте қойған жоқ: 1-15 қаңтар аралығында EXPO кешеніне келушілер көліктерін паркингке тегін қоя алады.