Бүгін Қазақстанға ресми сапары аясында Албания Президенті Байрам Бегай мен бірінші ханым Арманда Бегай EXPO іскерлік орталығының аумағын, оның ішінде Болашақ энергиясы мұражайын тамашалады. Ресми делегацияға еліміздің көрікті жерлерінің біріне экскурсия жүргізілді.
Меймандарды мұражайдың тақырыптық экспозицияларымен, сондай-ақ EXPO 2017 Astana халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын көрмеден кейінгі пайдалану тұжырымдамасымен таныстырды. EXPO іскерлік орталығының аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі, Astana IT University, Цифрлық үкімет кеңсесі сияқты ауқымды жобалар және басқа да ұйымдар жұмыс істейді.
Экскурсия соңында Албания Президенті EXPO 2017 Astana көрмесінің мұрасын тиімді пайдалану және дамыту саласындағы іскерлік орталықтың қызметіне жоғары баға берді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Байрам Бегай және оның делегациясы АХҚО келді. Оларды орталық пен оның органдарының қызметімен таныстырып, сондай-ақ инвестициялар тарту әлеуетін пайдалану туралы айтты.