Мәскеу қаласындағы ХШЖК-дағы «Қазақстан» павильонында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың Мәскеу жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттерімен кездесуі өтті.
Іс-шара барысында дипломатиялық миссия басшысы жиналғандарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Ол еліміз мамандарды даярлауға көп көңіл бөлетінін еске салды. Нәтижесінде көптеген қызмет салалары үшін сапалы кадрлық резерв құрылады. Осы тұрғыда Елші сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталып, мемлекет жастарды оқыту мен одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасайтынына сендірді.
Соңында студенттер концерттік бағдарлама ұсынып, ЖОО-дағы өз қауымдастықтарының қызметі туралы презентация жасады.
ХШЖК-дағы «Қазақстан» павильоны әр демалыс сайын сауда-көрме және мәдени іс-шаралар өтетін нағыз демалыс орталығына айналды. Жыл басынан бері мұнда 47 іскерлік және мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Мысалы, киіз басу, киізден кәдесыйлар жасау бойынша шеберлік кластары, «Тоғызқұмалақ» ойынынан жарыстар өтті. Жыл соңына дейін тағы 29 іс-шара жоспарланған.
«Қазақстан» павильоны өте танымал және ХШЖК аумағындағы келушілер көп баратын 10 павильонның қатарына кіреді. Осы жылдың басынан бері оған 920 мыңнан астам адам келгенін атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, павильонда танымал ұлттық тағамдарды ұсынатын мейрамхана бар, сондай-ақ қонақтар кәдесый дүкені мен гастрономда қазақстандық өндірушілердің тауарларын сатып ала алады.