9-11 қазан аралығында Астана қаласында, EXPO ХКО аумағында 27-ші Қазақстандық халықаралық «Көлік және логистика» – TransLogistica Kazakhstan 2024 көрмесі өтеді. Көрмеге 19 елден 200-ден астам компания қатысады. Олардың ішінде Аустрия, Әзірбайжан, Беларусь, Германия, Грузия, Қазақстан, Қытай, Литва, Латвия, БАӘ, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Швейцария және Эстония елдері бар. Литва, Латвия және Эстония өздерін ұлттық стендтерімен таныстырады. Шара Қазақстаннан 100-ден астам компанияның, сондай-ақ 110-ға жуық халықаралық қатысушылардың өкілдерін жинайды.
TransLogistica Kazakhstan 2024 жаһандық ынтымақтастық пен инновациялық шешімдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Астанадағы әлемдік көлік және логистика саласының көшбасшыларын біріктіреді.
TransLogistica Kazakhstan 2024 көрмесі аясында мазмұнды іскерлік бағдарлама өтеді, ол экспозицияға маңызды қосымша болады және қатысушыларға кәсіби қарым-қатынас, тәжірибе алмасу және көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Алғаш рет «Қазақстанда теміржол көлігі мен инфрақұрылымын дамыту», «BreakBulk Kazakhstan: ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау», «Көлік және логистикадағы IT шешімдер» конференциялары өтеді. Сондай-ақ бүгін БЕНЕЛЮКС елдерінің көлік компаниялары, порттары, терминалдары басшыларының қатысуымен «Қазақстан-Нидерланды» іскерлік кеңесі өтеді, ол көлік-логистика саласындағы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналады. Сонымен қатар кеңес аясында В2В кездесулер өтеді, онда қатысушылар ынтымақтастық мәселелерін тікелей талқылап, жаңа серіктестер тауып, өзара тиімді келісімдер жасай алады.
10 қазанның іскерлік бағдарламасына «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы» III халықаралық конференция, «TRANSEXPEDITIONS» ЖШС семинарлар сериясы және тасымалдарды басқарудың автоматтандырылған жүйесін (КБАЖ) ұсынатын SIA SIGIS латвиялық компаниясының презентациясы кіреді. 11 қазанда TLKMedia-мен бірлесіп ұйымдастырылған EXPERT TALKS іс-шарасы аясында сараптамалық пікірталастар сериясы өтеді, онда қазақстандық көлік апталығының қорытындысын шығарады және саланы дамытудың перспективаларын талқылайды. Барлық іскерлік іс-шаралардың тікелей трансляциясын online режимінде Facebook-тегі TransLogistica Kazakhstan парақшасында көруге болады.