Бүгін ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың қатысуымен Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.
Іс-шараны аша отырып, Айжан Әділқызы министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін ұлттық мерекемен құттықтап, 9 айдың жұмысын қорытындылады.
«9 айды қорытындылай келе, елімізде ЖІӨ 4% деңгейінде қалыптасты, оның ішінде 1%-ы сауда есебінен. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының себеті бойынша -105% мөлшерінде дефляция байқалады. Интеграциялық салада да үлкен жұмыс атқарылды – 9 айда бірнеше ондаған келісімдерге қол қойылды. Бұл ведомствоның әрбір қызметкерінің еңбегі», – деп атап өтті бірінші вице-министр.
Салтанатты жиын министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен және құрмет грамоталарымен марапаттаумен жалғасты. Марапатталғандар қатарында «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының қызметкерлері де болды. «Ерен еңбегі үшін» медалін Шынар Тәкенова алса, Талғатбек Тілегенов, Зәуре Калина, Арнат Асылбеков, Жамиля Нұрмағамбетова құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар мереке құрметіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың атынан мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге және оның қоғамдағы рөлін арттыруға елеулі үлес қосқан компания қызметкерлері марапатталды.
Сондай-ақ Астана қаласы Есіл ауданының әкімдігімен белсенді қарым-қатынас жасағаны үшін аудан әкімінің атынан компанияның бірқатар қызметкерлері алғыс хат алды.