EXPO 2025
Osaka, Japan
13.04.2025 – 13.10.2025
Көрменің тақырыбы: «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру»
Тақырыпшалар: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру»
Өтетін орны – жалпы ауданы 155 га Юмешима жасанды аралы (Осака қ.). Ұйымдастыру комитетінің тіркеу деректеріне сәйкес көрмеге 161 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысады. Көрмеге 28,2 млн. адам келеді деп болжануда.
Қазақстан Республикасының павильоны «Өмірді біріктіру» тақырыптық кластерінде Оңтүстік Корея, Германия, Люксембург, Непал, Әзірбайжан, Иран, Монако және Түркия сияқты елдерге жақын жерде орналасады.
Павильонның негізгі идеясы — халықтардың мәдениеті мен бірлігін бейнелейтін шаңырақ символикасы арқылы «Өмірді біріктіру» тақырыбын ашу. Тұжырымдама «Connecting the Legacy», «Connecting People», «Connecting Opportunities» және «Connecting Lives» деп аталатын төрт негізгі аймақты қамтиды. Павильонның философиясы үш қағидаға негізделген: толеранттылық, бірлік және әлеует.
1-аймақ – Тарих және мұра
Қазақстан картасы түріндегі интерактивті экспонат 3D-мэппингті пайдалана отырып, ел тарихының, мәдениетінің және дәстүрінің маңызды кезеңдерін суреттейді. Экспозицияда сақ дәуірі, Алтын адам, қазақ хандары, Алтын Орда және Жібек жолы дәуірлері, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының мұралары қамтылған. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік спорттағы жетістіктеріне, оның ішінде олимпиадалық жеңістер мен танымал спортшыларға назар аударылды.
2-аймақ – Байланыс және Бірлік
Аймақ цифрлық интерактивті инсталляция арқылы адамдар мен мәдениеттердің бірігуін білдіреді. Келушілер терминал алдында суретке түседі, содан кейін олардың суреттері қисық проекциялық экранда қосылатын бөлшектерге айналады. Киіз үй мен шаңырақ призмасы арқылы «Өмірді біріктіру» тақырыбын және «Kazakhstan. Born Bold» ұранын ашатын бейнешоу көрсетіледі. Контент Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы стратегиялық көпір ретіндегі рөлін көрсетіп қана қоймай, тұрақты даму, жасыл технологияларға ауысу тақырыбын және Электр энергетикасын дамыту тұжырымдамаларын қамтиды.
3-аймақ – Әлеует және Болашақ
Аймақ Қазақстанның заманауи көзқарасы мен стратегиялық дамуын көрсетеді. Келушілер интерактивті мониторлар арқылы өздерін қызықтыратын тақырыптарды таңдап, мультимедиялық контентпен таныса алады. Мазмұн елдің негізгі салаларын қамтиды: экожүйе (флора, фауна, қорықтар), ресурстар (ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар), туризм (көрікті жерлері), инновациялар (инвестициялық жобалар) және экономика (экспорт, импорт).
4-аймақ – Медицинадағы инновациялар
Қорытынды бөлім қазақстандық ғалымдардың ең жаңа әзірлемелерін – донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтауға және трансплантациялауға арналған инновациялық ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысын таныстырады. Heart Center Foundation қоры әзірлеген бұл технологиялық шешім ағзаларын трансплантаттауға мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалудың керемет мүмкіндіктерін ұсына отырып, медицинадағы жаңа жетістіктерге жол ашады.
Сондай-ақ, қатысушы елдер ЭКСПО аясында қалыптасқан тәжірибеге сәйкес ұлттық күнін өткізеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық күні 2025 жылғы 10 тамызда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылатын болады.
Еліміздің Ұлттық күні аясында Қазақстан Республикасының туын көтеру ресми рәсімі, сондай-ақ қазақстандық әртістердің қатысуымен этноконцерт пен шеру өткізу жоспарлануда.