«QazExpoCongress» ұлттық компаниясында Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – асыл қазына» әдеби-музыкалық кеші өтті. Іс-шараға компания қызметкерлері мен олардың балалары атсалысып, ана тіліміздің қадір-қасиетін өлеңмен, әнмен, термемен жеткізіп, шараның көркін кіргізді.
Тіл мерекесіне арналған бұл кеш – ұлттың рухани бірлігін, сөз құдіретін ұлықтаған мазмұнды әрі әсерлі шара болды.
Ұлт ұстаздары Абай мен Ахметтің тіл туралы тағылымды сөздері жүрекке жетіп, қатысушылар ана тіліміздің асыл қазына екенін тағы бір дәлелдеді.
Кеш барысында көрермендер назарына ұсынылған «Ана тілім – жүрегімнің үні» атты шағын бейнероликте балаларымыз ана тіліне деген өз махаббатын, құрметін ерекше сезіммен жеткізді. Балалық таза көңілден шыққан әр сөз қатысушылар мен қонақтардың жүрегіне жол тапты.
Сондай-ақ шара барысында ұлттық рухты оятатын шығармалар орындалды. Мерекелік концертте балалар өз өнерлерін көрермен назарына ұсынып, жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Кеш барысындағы тағы бір маңызды сәттердің бірі – марапаттау рәсімі болды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан Құрмет грамотасы мен алғыс хатын лайықты қызметкерлерге салтанатты түрде табыстады.