Бүгін елордада, EXPO іскерлік кешенінің аумағында Astana Think Tank Forum 2025 өз жұмысын бастады. Биылғы форумның тақырыбы – «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру».
Astana International Forum (AIF) аясында өтетін іс-шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ). Форумға әлемнің 20 елінен 40-қа жуық шетелдік сарапшы, жетекші «ақыл-ой орталықтарының» басшылары мен зерттеушілер, халықаралық және академиялық сарапшылар қатысуда.
Бірінші Astana Think Tank Forum 2024 жылы өтіп, өзгеріп жатқан жаһандық тәртіптегі орта державалардың рөліне арналды. Сол уақыттан бері форум халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған беделді жаһандық сараптамалық алаң ретінде танылды.
Биылғы форум аясында өтетін тоғыз тақырыптық сессияда әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың негізгі бағыттары талқыланады. Атап айтқанда, жетекші державалар арасындағы бәсекелестік жағдайында көпжақты ынтымақтастықтың болашағы, қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы, ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері, сондай-ақ Ауғанстан факторының Орталық Азия аймағына ықпалы қарастырылады.
Сонымен қатар форум бағдарламасында жаһандық нарықтардың фрагментациясы жағдайындағы инвестициялар, Еуразиядағы сауда және көлік дәліздерін дамыту, жасанды интеллект пен оған байланысты этикалық дилеммалар, климаттың өзгеруі мен су тапшылығының демографиялық және көші-қон процестеріне әсері секілді тақырыптар қамтылған.
Astana Think Tank Forum 2025-тің маңызды іс-шараларының бірі – дәстүрге айналған III Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі форумы болмақ. Оның тақырыбы – ««Жаһандық қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі жағдайындағы Орталық Азия».
Пікірталасқа Орталық Азияның жетекші «ақыл-ой орталықтарының» басшылары қатысады. Олар халықаралық қауіпсіздік жүйесінің трансформациясы аймақтық тұрақтылық пен даму үшін қандай сын-қатерлер туындататынын талдап, өңірлік ынтымақтастықтың болашағын және өсіп келе жатқан поляризация жағдайында Орталық Азияның жаһандық диалог көпірі ретіндегі рөлін талқылайды.
Форум бағдарламасындағы тоғыз тақырыптық сессиямен қатар бірқатар параллельді іс-шаралар өткізу жоспарланған. Олардың ең маңыздысы – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бастамасымен әзірленген InsightsCentral.Asia атты жаңа цифрлық ғылыми білім платформасының тұсаукесері болмақ. Бұл платформа Орталық Азия елдерінің аналитикалық және ғылыми зерттеулерін біріктіруге, алмасуға және кеңінен таратуға арналған.
Astana Think Tank Forum 2025 алаңында осы платформада жарияланған бірқатар зерттеу еңбектері таныстырылады. Олар Орталық Азияның тұрақты дамуының негізгі бағыттарына – Ауғанстанмен ынтымақтастықтың сын-қатерлері мен мүмкіндіктеріне, урбанистикаға, демографиялық үрдістерге және жасыл энергетикаға арналады.
Astana Think Tank Forum басты мақсаты – зерттеушілер, сарапшылар, халықаралық ұйымдар, үкімет және іскер орта өкілдері арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамыту. Форум шеңберінде әлемдегі тұрақтылық пен сенімді арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастардағы серіктестік пен жауапкершілікке негізделген «орта державалар» қатарының белсенді мүшесі ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленеді.
Іс-шара табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы жетекші халықаралық компания Eurasian Resources Group (ERG), Қазақстанның ірі тау-кен металлургиялық «Қазақмыс» компаниясы және отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасау саласының көшбасшысы AGROMASH зауытының қолдауымен өтеді.