«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы мен елорда туроператорлары Астана қаласында туризмді дамыту мен насихаттаудағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында бекітілді.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы, атап айтқанда, елордамызға туристік ағынның ұлғаюына жәрдемдесуге уағдаласты. Мұнда Аспан асты елінен туристерді тартудың басты нысаны – Болашақ энергиясы мұражайы.
Астананың басты көрікті жері – Болашақ энергиясы мұражайы EXPO іскерлік кешенінің аумағында орналасқан. Туристердің нысанға деген қызығушылығы қытайларға Қазақстанның тарихымен, дәстүрімен және мәдениетімен танысуға мүмкіндік бере отырып, екі ел арасындағы мәдени алмасуға ықпал ететін болады.
Айта кету керек, компания қытай тілінде контент дайындауда барысында мұражайдың кадрлық әлеуетін жақсарту бойынша жұмыс жүргізді. Экскурсияларды қытай тілін білетін гидтер жүргізеді, сонымен қатар контент QR жүйесі мен аудио арқылы қол жетімді болады.
Өткен жылдың 10 қарашасынан бастап визасыз режимді енгізуді және тікелей рейстер санының ұлғаюын ескере отырып, туристік ағынның өсуі күтілуде. Бұл елдің келу туризмі саласын дамытуда айтарлықтай серпіліс беретінін айта кеткен жөн.