2021 жылғы 1 қазанда Дубай қаласында Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесі ашылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан павильоны ең танымал және келушілер саны ең көп павильондардың біріне айналды-оны 200 мыңнан астам адам тамашалады. ЭКСПО-2020 бүкіләлемдік көрмесі ашылғаннан бері барлығы 2 350 000 адам келіп кетті.
ҚР павильонының мәртебелі қонақтары арасында Қазақстаннан да, бүкіл әлемнен де ресми делегациялар көп. Қазан айында павильонға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Димитрий Керкентзес, БАӘ Жоғары лауазымды министрлері, сондай-ақ көрмеге қатысушы елдердің елшілері мен Бас Комиссарлары келді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан павильонының ресми ашылу рәсімі 2021 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісінің, Көрмеге қатысушы елдердің Бас комиссарларының, Халықаралық Көрмелер Бюросы мен ЭКСПО-2020 Ұйымдастыру комитетінің басшылығының қатысуымен өтті.
Ашылу күні Дубай билеушісі, Премьер-министр, Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, мәртебелі Мұхаммед ибн Рашид Әл-Мактум және Дубайдың мұрагер ханзадасы Хамдан ибн Мұхаммед Әл Мактум ЭКСПО-2020 Бас директоры, Жоғары Мәртебелі Рим әл-Хашимимен алғашқы құрметті қонақтар болды. Біздің Павильон көрменің бірінші күнінде корольдік отбасы келіп көрген төрт павильонның бірі болды. Сол күні кешке Павильонға Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов келді.
Өткен айда павильонда мазмұнды іскерлік және мәдени бағдарламалар ұсынылды. 3 қазанда ЭКСПО-ның климат және биоалуандық бойынша тақырыптық апталығы аясында «ХЖТИЖО» КЕАҚ ұйымдастырған Kazakhstan Green Day іскерлік іс-шаралар сериясы өтті. «Қазстандарт» РМК Араб серіктестерімен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. 11-14 қазан аралығында шетелдік және қазақстандық суретшілер бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыттарды ұсынған Sal-Seri галереясының «Өркендеу сызықтары» көрмесінің вернисажы өтті. Сонымен қатар, 24-28 қазанда Павильонда қазақстандық туризм күндері өтті, оның аясында панельдік сессиялар, іскерлік кездесулер, мәдени іс-шаралар, атап айтқанда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнер көрсетуі және MarinoMadi брендінің фэшн көрсетілімі өтті. 1 қарашада БАӘ іскер қауымы Nur-Sultan Investment and Tourism Forum форумына жиналды.
Павильон медиа тұлғалардың да қызығушылығын тудырып отыр.. Миллион жазылушысы бар блогерлер Мурад Османн (@muradosmann, 3.6 млн жазылушы), Айдана Меденова (@aidanamedenova_officialpage, 3.9 млн жазылушы), Соня Солдатова (@ss.fit, 1 млн жазылушы) және Жанель Бектемисова (@lifelearning, 1 млн жазылушы) әлеуметтік желіде өз әсерлерін бөлісті. Qazaq Gourmet мейрамханасы таңдаулы әрі таңсық ұлттық тағамдар мәзірімен таң қалдырады.
Павильон контенті көрменің «Ойлардың байланысы, Болашақтың Құрылымы» тақырыбын толық ашады және келушілер табиғатпен, тарихпен, мәдениетпен, дәстүрлермен, сондай-ақ ел дамуының перспективалық жобаларымен танысатын саяхат іспеттес. Павильонның мазмұны Республиканың туристік және инвестициялық әлеуетін паш етеді.
Финалдық шоу-келушілер арасында ерекше күтілетін шара. Роботталған қолмен жасалатын акробатикалық перфоманс адам мен жасанды интеллекттің өзара әрекеттесуін және өзара теңгерімді іздеу белгісін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысуының негізгі мақсаттарының бірі ел экономикасына тікелей және жанама инвестициялар тарту екенін атап өткіміз келеді. Ол үшін ҚР Ұлттық павильонының алаңында 30-ға жуық іскерлік іс-шара жоспарланған, оның шеңберінде конференциялар, форумдар, В2В кездесулер өтеді, сондай-ақ елдің инвестициялық және туристік әлеуеті жөніндегі жобалар, ғылыми және білім беру бастамалары таныстырылады.