10-12 мамыр аралығында Астана қаласында EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында Ondeu EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі және Kazakhstan Machinery Fair машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді.
Іс-шараның мақсаты – елдің индустриялық-инновациялық кешенін тұрақты дамытуға көмек көрсету, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мемлекет, кәсіби және бизнес-қоғамдастық өкілдері арасындағы тиімді диалог үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету.
Ondeu Expo 6 бейінді көрмені біріктіреді:
– Kazakhstan Machinery Fair машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі IV халықаралық мамандандырылған көрмесі
– AgroSpecMash халықаралық мамандандырылған ауылшаруашылық, коммерциялық және арнайы техника салоны
– Сhem Tech Kazakhstan химия өнеркәсібі халықаралық көрмесі және конференциясы
– Su Arnasy – Water Expo су өнеркәсібінің XII халықаралық көрмесі және конференциясы
– Stroy Expo Astana құрылыс индустриясына арналған технологиялар мен жабдықтардың халықаралық мамандандырылған көрмесі
– Infra Tech Kazakhstan инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі қазақстандық халықаралық көрме-конференциясы.
Көрмеге Қазақстан, Австрия, Беларусь, Болгария, Германия, Израиль, Италия, Канада, Қытай, Латвия, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Франция және Швейцарияны қоса алғанда, әлемнің 17 елінен 200-ден астам экспонент қатысады.
Сондай-ақ Ondeu Expo көрмесінде мазмұнды іскерлік бағдарлама жоспарланған. Үш күн бойы конференциялар, сессиялар, кеңестер, сондай-ақ машина жасау саласының өзекті мәселелерін шешуге арналған басты сұхбат алаңы болып табылатын Қазақстанның машина жасаушыларының XI форумы өтеді. Форум аясында 11 тақырыптық секциялық отырыс өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырады.