Ү.ж. 10 наурызда EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде ҚР Ұлттық павильонының алаңында Ақтөбе облысының күндері өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі бастаған өңірдің бизнес-субъектілері өкілдерінің делегациясы, сондай-ақ БАӘ бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық және мәдени-туристік әлеуеті таныстырылды. Өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік секторы кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктері көрмесі ұйымдастырылды, ет өнімдері, ұн және макарон өнімдері, сондай-ақ мұнай-газ және теміржол саласына арналған резинадан жасалған техникалық бұйымдар ұсынылды.
Тағы бір айта кетерлігі, БАӘ мен Ақтөбе облысының бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізіліп, B2B және B2G алаңдары ұйымдастырылды, онда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша «Petromal», «New Magic LifeStyle» және «Metito» шетелдік компанияларымен мұнай-газ, сумен жабдықтау және инвестициялар тарту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.