Қазақстанның басты шыршасы қалыптасқан дәстүр бойынша EXPO іскерлік орталығының аумағында, астананың ең көрікті орны – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының маңында орнатылды.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жаңа жылдың басты нышанын жағу рәсімі онлайн режимде концерттік бағдарламасыз өтеді. Салтанатты көрсетілімді «Хабар» телеарнасынан сағат 19:50-де тікелей эфирде көруге болады.
Шыршаның биіктігі 25 метр. Оны безендіру үшін 1200 түрлі-түсті ойыншық, 270 қар бүршіктері тәріздес ойыншық, 1900 метр шам тізбегі қолданылды.
Естеріңізге сала кетейік, EXPO іскерлік орталығының аумағында тағы бір қыстың көркін келтіретін – сыйымдылығы 200 адамға дейінгі ашық мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Мұзайдынның ауданы 1300 шаршы метр. 2 сағаттық сеансқа коньки жалдау құны 500 теңге, ал өз конькиімен келгендер тегін сырғанай алады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін жылы киім ауыстыратын бөлме және тәулік бойғы 3 мың автокөлікке арналған жерасты автотұрағы қарастырылған. Мұз айдыны күн сайын 12:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.