Акцияны қолдау аясында NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының медиа қасбеті тура бір сағатқа сөнеді.
26 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтеді. Тақырыбы – еліміздегі экотуризмді дамыту. «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Барыс-Арена» көпфункционалды мұзайдыны сарайы, сонымен қатар елордамыздың ең көрікті ғимараттарының бірі – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының қасбеті сөндіріледі.
Акция ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ, «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисінің қолдауымен «Тұрақты даму» жер қоры, сондай-ақ облыс, қала және аудан әкімдіктері.
«Жер сағаты» акциясы – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қамқорлығымен өткізілетін жыл сайынғы халықаралық оқиға. Акция барысында WWF ғаламшардың болашағына бей-жай қарамау белгісі ретінде жарықты және тұрмыстық электр құралдарын бір сағатқа сөндіруге шақырады. Дәл осы уақытта әлемнің ең танымал ғимараттары мен ескерткіштерінің жарығы сөнеді.
«Жер сағаты» акциясы планетадағы ең ауқымды экологиялық акция екенін атап өткен жөн. Оған әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам қатысады, акцияға әлемнің 180 елінен 7 мың қаланың тұрғындары қосылады. 2022 жылы «Жер сағаты» халықаралық акциясы 15-ші, Қазақстанда 13-ші рет өтеді.
Акцияның басты мақсаты – табиғатқа және планета ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.