EXPO іскерлік орталығының аумағында Наурыз мейрамы жаппайтойлануда. Ұлыстың ұлы күніне орай аумақта көрнекі декорациялар орнатылып, бірегей ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Мәдени-ойын-сауық бағдарламасы «Наз» би ұжымының, «Арт Домбыра» музыкалық ұжымының, «Қорқыт» этно-ансамблінің, «Арна» және «Рояль» квартеттерінің, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің және басқа да әртістердің өнерлерін қамтиды. Сондай-ақ «Қара жорға» би флэшмобы ұйымдастырылды. Қонақтарды батырлар мен бүркітшілер, ал балаларды аниматорлар қарсы алуда.
Мұнда ұлттық ойындар: асық ату, арқан тарту, сондай-ақ спорттық жарыстар – футбол фристайлы, садақ ату және әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гинесс кітабының рекордшысы және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульниковтың қатысуымен күш изометриясы өтіп жатыр.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументтің жанындағы ашық алаңда «Наурыз мейрамы» көшпелі өркениет фестивалі ашылды. Іс-шара 22–23 наурыз күндері сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Фестиваль аясында астана тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.
Болашақ энергиясы мұражайында этноансамбльдердің, би ұжымдарының және ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін «Наурыз» мюзиклін орындайтын театр труппасының қойылымдары ұсынылды. Сондай-ақ келушілерге наурыз көже мен бауырсақ таратылды. Мереке күндері мұражайға кіру тегін.
Бұдан бөлек бүгін EXPO халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі ашылды. Көрме орталығының алаңында да ауқымда мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтарды саудагер, батыр, бүркітші және хан сияқты кейіпкерлер қарсы алуда. Сауда орындары шығыс стилінде безендірілген, онда саудагерлер ұлттық стильдегі киімдерді, зергерлік бұйымдарды, керамика, темір, киіз және жібектен жасалғанзаттарды, кәдесыйларды сатылымға қойды.
Сондай-ақ келушілер үшін еліміздің әр өңірінен келген ең үздік шаруа қожалықтары мен отандық тауар өндірушілердің өнімдері қолжетімдібағамен сатылып жатыр. Ал нағыз ас талғампаздары үшін шығыс тағамдары фестивалі өтіп жатыр. Жәрмеңке 21 наурызда сағат 13:00-ден 18:00-ге дейін, 22 және 23 наурызда 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.