«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Жыл басын салтанатты түрде қарсы алған компания қызметкерлері қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртты.
Киіз үйлер, қазақы нақыштағы ұлттық киім, аспаптар – бір мезетте тұтас ғимаратты қазақ ауылына айналдырды. Компания ұжымы үш ауылға бөлініп, халқымыздың салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарымыздан ақ дастархан жайып, өнерлерін көрсетті. Көпшілік назарына келін түсіру, беташар, бесікке салу, тұсау кесу сынды қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді.
Осылайша қызметкерлер халқымыздың салты мен дәстүрін, әдеп-ғұрпын сахналап, төл мерекемізді мазмұнды, барынша ерекше атап өтті. Шара қызметкерлерді ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтауға, бірлігімізді нығайта түсуге ықпал етті.