14 желтоқсанда Мәскеу қаласында «Мәскеу қайта жаңарту – 2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Мәскеулік қайта жаңарту – бұл Мәскеу Үкіметінің мәскеулік қалпына келтіру мектебінің дәстүрлерін дамытуға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне қоғамдық қызығушылықты арттыруға бағытталған жыл сайынғы беделді байқау.
Биыл конкурсқа 33 нысан бойынша 66 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде ірі өнеркәсіптік, азаматтық сәулет объектілері, сондай-ақ тарихи мұра объектілері бар.
ХШЖК аумағында орналасқан қайта қалпына келтірілген «Қазақстан» павильоны белсенді азаматтардың пікірі бойынша 51 мыңнан астам дауыс жинап, Мәскеудің қалпына келтірілген нысандарының ең үздігі деп танылды.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собяниннің қолынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Нұржан Қажиақбаров Құрмет дипломын алды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 19 қарашасында Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны ауқымды қалпына келтіруден кейін ашылды.
Павильонның жалпы ауданы – 4 826 м2, оның ішінде тарихи бөлігі – 1 716 м2, жапсаржай – 3 110 м2, жапсаржай қабаттарының саны – 5 (оның ішінде 1 жертөле қабаты). Сондай-ақ жаңартылған ғимаратта 225 м2 сауда-көрме залы, 150 орындық конференц-зал (кино залы) және 120 орындық мейрамхана орналасқан.
Бұған қоса, ауқымды қалпына келтіруден кейін 1954 жылғы үлгідегі павильонның тарихи келбеті қайта жаңартылып, жаңа ғимарат салу арқылы аумағы кеңейтілді, сондай-ақ павильонның кіре берісінде ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиевтің мүсіндері орнатылды.
Келісімге сәйкес Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым – жалғыз қатысушысы «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып табылатын «Қазақстан» сауда-көрме орталығы» корпоративтік қоры.
Келісім аясында павильон сауда-көрме қызметін жүзеге асыру, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және ұлттық тағамдар мейрамханасын ашу арқылы пайдаланылады.