19 қараша күні Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ашылды.
Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ХШЖК) – тарихи павильондары, аркалары мен мұражайлары, субұрқақтары, тоғандары мен мүсіндері бар 325 гектар жерде орналасқан Мәскеудегі ең танымал қоғамдық орындардың бірі. ХШЖК-да Мәскеудің 49 мәдени мұра боп саналатын нысаны бар.
«Қазақстан» павильонының тарихи бөлігінде ҚР тарихымен және мәдениетімен, сондай-ақ ел дамуының стратегиялық бағдарламаларымен танысуға арналған контент ұсынылған.
Сондай-ақ павильон аумағы сауда-көрмелік және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.
Еске салайық, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім бойынша павильонды болашақта Ұлттық көрмені орналастыру үшін Қазақстанға 50 жылға жалға беру туралы шешім қабылданған болатын.
2017 жылы ғимаратқа 1954 жылғы тарихи келбетін қайтару бойынша қалпына келтіру, сондай-ақ тарихи ғимаратқа қосымша құрылыс салу арқылы павильон алаңын ұлғайту жұмыстары басталды. Осы сәттен бастап Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің тікелей қатысуымен оның тарихындағы ең ірі қайта құру жұмыстары жүргізілді. Павильонның қасбеті, интерьері және мүсіндік композициялары, сонымен қатар кіреберістегі гранит баспалдақ қалпына келтірілді. Орталық көрме залының үстіне шыны күмбез салынды. Бүгін де павильонның кіреберіс аркасында қонақтарды 65 жыл бұрынғыдай ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиевтің мүсіндері қарсы алуда.
Қазіргі уақытта павильонның жалпы ауданы – 4 826 м2, оның ішінде тарихи бөлігі – 1 716 м2, жапсаржай – 3 110 м2, қабаттар саны – 5 (оның ішінде 1 жертөле). Сондай-ақ жөндеуден өткен ғимаратта сауда-көрме залы – 225 м2, 150 орындық конференц-зал (кинотеатр) және 120 орындық мейрамхана бар.