Әлемдегі ең ірі халықаралық көрме концерндерінің бірі, немістің Messe Frankfurt GmbH компаниясы Қазақстанда өз өкілдігін ашты.
800 жылдан астам тарихы бар неміс компаниясы филиалының бас кеңсесі Астана қаласында, EXPO іскерлік кешенінің аумағында орналасқан. Қазақстаннан басқа, ол Орталық Азия елдерінде – Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Түрікменстанда өз мүддесін білдіретін болады.
Ірі халықаралық көрме ұйымдарының бірімен ынтымақтастық қазақстандық компаниялар үшін әлеуетті әріптестер мен клиенттерді тартуға, жаһандық халықаралық нарықта тауарлары мен қызметтерін ілгерілетуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар жылына 100-ден астам халықаралық іс-шара өткізетін және бүкіл әлем бойынша 30 филиалы бар Messe Frankfurt GmbH-пен әріптестік Қазақстанның қабылдаушы тарап ретіндегі мәртебесін барынша арттыра отырып, елімізде ауқымды көрмелер өткізуге мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибеде көрме индустриясының ұйымдастырушы елдің экономикасы үшін мультипликативті әсері байқалады. Әдетте іс–шараларды өткізу кезеңінде туристік қызметтерге сұраныс артады, басқа компаниялар да қызмет көрсету саласынан – әуе тасымалдаушылардан қонақүйлер мен мейрамханаларға дейін айтарлықтай пайда табады, ел бюджетіне салық түсімдерінің өсімі байқалады.
Біздің елімізде Messe Frankfurt деңгейіндегі компания өкілдігінің ашылуын түрлі корпоративтік және ауқымды іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен айналысатын қазақстандық бизнес пен іскерлік туризм (MICE-туризм) саласы ерекше құптайды.
Серіктес компаниялар үшін маңызды факторлардың бірі – Messe Frankfurt PR және халықаралық аренада маркетингтік қолдау көрсетеді. Қазақстан үшін бұл неміс концерні ұсынатын кәсіби байланыстар мен медиа арналардың кең желісі есебінен брендтің танымалдығы мен беделін арттыруды білдіреді.
Астанадағы EXPO іскерлік кешенінің аумағында Messe Frankfurt филиалының кеңсесін ашу 2023 жылдың соңында «QazExpoCongress» ҰК» АҚ мен Messe Frankfurt арасында қол қойылған меморандум шеңберіндегі алғашқы қадам болып табылады. Қазақстандағы өкілдіктен басқа, ірі көрме іс-шараларын бірлесіп өткізу мүмкіндігін көздейді.