Бүгін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігімен оған ведомстволық бағынысты ұйымдар Республика күнін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өзінің құттықтау сөзінде: «Сіздерді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен құттықтаймын! 32 жыл бұрын, 25 қазан күні Қазақстан алғаш рет өзін болашақ дамуының орасан зор көрінісі бар ел ретінде жариялады. Міне биыл Президент бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Егемен елімізді дамыту, халықаралық кеңістіктегі рөлін одан әрі нығайту жолындағы мақсаттар мен міндеттерді министрлік тиімді іске асырып келеді», – деді.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі 2019 жылдан бастап отандық компаниялар Alibaba және Wildberries сияқты халықаралық электрондық платформалар арқылы экспорттай бастағанын атап өтті. Бұл бастама мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сауда секторы заңнамалық тұрғыдан жетілдіріліп жатқанын атап өткен жөн. Мәселені түбегейлі шешу үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қабылданды. Бұл ведомствоның ауқымды жұмысының тек бір бөлігі ғана.
Салтанатты жиналыс министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен және құрмет грамоталарымен марапаттаумен жалғасты. Іс-шараның салтанатты бөлімі аяқталған соң мерекелік концерттік бағдарлама болды.