2-4 қазанда Конгресс орталығында ENACTUS студенттік кәсіпкерлігінің әлемдік кубогы өтеді. Іс-шараға 33 мемлекеттен келген студенттер, кәсіпкерлер, академиялық көшбасшылар мен корпоративтік бизнес басшылар қатысады.
ENACTUS WORLD CUP – жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шара. Ол кәсіпкерлік қызмет арқылы әлеуметтік бастамалар мен даму қарқынын көрсетуге мүмкіндік береді.
Еліміздің әлемдік кубокты өткізу құқығын иеленуі – Қазақстандағы ENACTUS бағдарламасының 15 жылдағы жарқын жетістіктерінің бағалануы мен халықаралық серіктестердің сенімінің айқын көрінісі. ENACTUS әлемдік кубогы жас кәсіпкерлердің білім, идея мен тәжірибе алмасуы үшін 2000 қатысушыны сайыс форматында бір арнаға тоғыстырады. Қатысушылар экологиялық мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдерді көрсететін, тұрақты қауымдастықтардың дамуына ықпал ететін және адамдарды оң өзгеріс жасауға шабыттандыратын жобаларын ұсынады.
ENACTUS студенттерінің барлық бизнес-жобалары БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатына жетуге бағытталған және болашақ бизнес көшбасшыларының мансабының бастамасы болып табылады. Дүниежүзіндегі 1000-нан астам университет студенттердің көшбасшылығы мен іскерлік дағдыларын дамыту үшін тәжірибеге бағытталған ENACTUS платформасын пайдаланады.
1-2 қазан күндері ENACTUS WORLD CUP аясында БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары мен кәсіпкерлікке арналған Академиялық және ғылыми симпозиумы өтеді. Симпозиумда тұрақты даму саласындағы зерттеулердің рөлі мен олардың әлеуметтік прогреске әсерін талқылау үшін әлем бойынша академиялық көшбасшылар, студенттер, түлектер, бизнес басшылар мен мемлекеттік қайраткерлер бір алаңға жиналады.
Әлемдік кубок бағдарламасында Business Collaboration Forum өтеді. Онда халықаралық бизнес өкілдері жиналып, ENACTUS студенттік кәсіпкерлік бағдарламасының халықаралық деңгейдегі дамуы бойынша тәжірибелерімен бөліседі.
Сонымен қатар ENACTUS әлемдік кубогы аясында ERG студенттік кәсіпкерлік экожүйесінің 5 финалисі өз жобаларын SDG Collaboration Hub алаңында таныстырады.