Болашақ энергиясы мұражайында «Қазақстан құстары. Далалық анықтағыш» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап 2014 жылы Қазақстанның құстарды қорғау одағының бастамасымен орыс тілінде шыққан анықтағыштың қазақша аударма басылымы.
Қазақстан аумағында 500-ден астам құс түрлері мекендейді, мұндағы құстар далада да, шөлде де, орманда да, таудың бөктері мен биігінде де — табиғи аймақтардың барлығында кездеседі. Еліміздің табиғи ландшафтының әралуантүрлілігі – қоқиқаз, жорға дуадақ, қара бозторғай, бірқазан, қылаңтөс бұлдырық, орақтұмсық, жұмақ шыбыншы және басқа да таңғажайып құстардың мекендеуіне мүмкіндік туғызды, ал оларды табиғатта кездестіріп қалу – шынайы құс сүйер жанның арманы. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен құс бақылаушылар сирек кездесетін құстарды суретке түсіру үшін арнайы Қазақстанға келеді.
Авторлар ұжымы Қазақстандағы құстарды бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген кәсіби орнитологтар: Анатолий Ковшарь, Виктория Ковшарь, Николай Берёзовиков, Вадим Рябицев, соңғысына анықтағыштағы құстардың суреттерінің барлығы тиесілі. Анықтағышты қазақ тіліне аударғандар — белгілі кәсіби зоологтар, қазақ тіліндегі зоология оқулықтарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбай Мұсабеков.
Бұл кітап орнитологтар мен құс бақылаушыларына арналған далалық нұсқаулық болып табылады, ол табиғи мекен ортасында құстарды ажыратып анықтауға арналған. Кітап әрбір құс түрі бірнеше суретпен, таралу картасы және құсты анықтауға арналған белгілердің толық сипаттамасы бар деректермен қамтылған.
Сондай-ақ тұсаукесер аясында National Geographic Qazaqstan журналы «Қазақстан құстары» атты фотокөрмені көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде кәсіпқой фотографтардың үздік жұмыстары көрсетіледі. Қонақтар жергілікті фаунаның сұлулығы мен байлығын бейнелейтін керемет суреттерден ләззат алып, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығы туралы танымдарын кеңейте алады. Көрмені 15 маусымға дейін тамашалауға болады.