Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық мұражайлар күні атап өтіледі. 1977 жылдан бастап 18 мамыр мұражай ісіне қатысы бар барлық адамдар үшін маңызды күн болып табылады. Соның ішінде – экскурсоводтар үшін де. Бұл мереке – олармен жақынырақ танысуға жақсы себеп. NUR.KZ еліміздің ең бірегей мұражайында жұмыс істеген қандай екенін, әлемдік деңгейдегі өнер адамдары мен саясаткерлерге экскурсия жүргізу туралы, ядролық физиктердің онда не істеп жүргенін және олардың сүйіктілерін қалай кездестіргендері туралы білу үшін NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайына барып қайтты.
Жұма, сағат 09:45-те NUR ALEM мұражайының бірінші қабатында қара көк түсті, қайырмаларының жиегі сұрт түсті бірдей желетке мен пенжек киген, жинақы, жігерлі, өздерінің менеджерлері мен супервайзерлерінен нұсқаулар алып, бір-біріне жұмыс күнінің жақсы өтуін тілеп, өздері жұмыс істейтін қабаттарға тарап кететін бір топ жас жиналады. Бұлар – қонақтарды мұражай жәдігерлерімен таныстыратын мұражай қызметкерлері, стендшілер.
Бүгінде Болашақ энергиясы мұражайында 35 стендист пен 9 супервайзер жұмыс істейді, ал олардың барлығын менеджер – Гүлназ Жұмағамбетова басқарады. Ол әзілдеп, өзін олардың «мамасымын» дейді, өйткені оның бағыныштылары – өрімдей жас балалар үшін NUR ALEM алғашқы жұмыс орны болып табылады. Ол мұнда анау бастапқы кезден бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде өз жұмысын лайықты меңгерген гидтердің бірнеше қатарын тәрбиелеп шығарды.
«Біздің мұражайға жұмысқа орналаспас бұрын үміткерлер әңгімелесудің бірнеше кезеңінен өтеді, біз оларды тиісті ақпараттық материалдармен жабдықтаймыз. Содан кейін болашақ стендшілер емтихан тапсырады. Дикцияға, сыртқы келбетке көп көңіл бөлінеді, сондай-ақ маңызды шарттардың бірі – шет тілдерін білу және жасы 25-тен аспауы керек», – деп түсіндіріп өтті менеджер.
Қыз-жігіттердің орындайтын жұмысы кешке алдын ала бөлініп қояды, күн сайын жаңа серіктеспен жұмыс істеп, экскурсия жасайтын қабаттарын ауыстырып тұрады. Бұл стендшілердің ғарыш, күн, жел, су, биомасса, кинетикалық энергиялар немесе ұлттық павильон туралы толық ақпаратқа ие болулары үшін жасалады. Мүмкін, сондықтан болар бұл жерде жұмыс істеу ешқашан зеріктірмейді, дейді стендші Тоғжан Сержанқызы. Өйткені, сегіз қабатты Сфераның әр бұрышы – жеке галактика, дейді бойжеткен.
«NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайына алғаш келгенімде алған әсерім әлі есімде. Бұл 2017 жылы «EXPO-2017 Astana» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде болды, онда мен студентпін, гид-экскурсовод болып жұмыс істедім. Әр жолы NUR ALEM аумағына келіп, бақылау-өткізу пунктіндегі турникетке өту карточкасын көрсетіп ішке кірген кезде басқа әлемге, ғажайып Нарнияға тап болғандай сезімде болатынмын. Естен кетпес үш ай көзді ашып жұмғанша өтіп кетті де, менде осында жұмыс істесем деген арман пайда болды. Бір-екі жылдан соң арманым орындалды», – дейді Тоғжан.
Мамандығы бойынша Тоғжан – қазақ тілінен ағылшын тіліне аударма жасайтын ілеспе аудармашы. Сондай-ақ бойжеткен қосымша шет тілін – испан тілін біледі, бір кездері бұнысының Испаниядан келген жоғары лауазымды шенеунікке экскурсия жүргізу кезінде пайдасы тиді. Бұл оның 2019 жылғы тағылымдамасының бірінші аптасында, «EXPO» Конгресс орталығында түрлі елдердің судьяларының қатысуымен үлкен халықаралық форум өткен кезде орын алған жайт.
«Мен үлкен жауапкершілікті сезіндім. Испания Жоғарғы Сотының Төрағасының мұражай жәдігерлері туралы емес, біздің дәстүріміз, аңыздарымыз бен тарихымыз туралы білгісі келгені мені қатты таңғалдырды. Мысалы, ол үйге келген мейман үй иесінен өзі ұнатқан нәрсені қалап, сыйға алатын «қалау» дәстүрі туралы білген кезде, үстімдегі күртешемді сыйға тартуымды сұрады. Әрине, бұл әзіл болды», – деп еске алады Тоғжан Сержанқызы.
Ал болашақ ядролық-физик, стендші Азамат Есенов үшін ең есте қаларлық оқиға – Гарвард профессорымен кездесу болды.
«Осы жұмысқа орналасар кезде сұхбат барысында мен ғылыммен тығыз байланысты болашақ жоспар, мақсаттарыммен бөліскен болатынмын. Басшылықтың есінде осы қалса керек, Гарвардтық профессорлар делегациясы келген кезде оларды қарсы алуға мені жіберді. Өте қызықты болды – олар өз пікірлерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті», – деп атап өтті Азамат.
Оның айтуынша, келушілердің әрқайсысы ерекше және әрқайсысынан үйренер дүние көп.
«Кейбіреулер маған өзімді, жаңа қырларымды білуге көмектеседі, мысалы, мен олармен қалай қарым-қатынас жасаймын, қалай ақпарат беремін. Олардың кейбіреулері баламалы энергетика «тақырыбын» жақсы білетіні соншалық (мысалы, байланысты салаларда жұмыс істейді), бізге көптеген жаңа нәрселерді таныстырып кетеді. Бірақ осы жерде жұмыс істеген кезде мен мынаны түсіндім: NUR ALEM – бұл, ең алдымен, адамдарға эмоциялар сыйлайтын орын, оның елге сүйкімділігі де осында. Бізге көптеген адамдар келеді, және оларды барлық осы технологиялар мен механизмдер қалай жұмыс істейтіні, олар неден тұратыны, олардың құрылымы қандай екендігі қызықтыра бермейді, бірақ олар мұнда эмоцияларға қарық болып, әдеміліктен ләззат алатындығын нақты біліп келеді», – дейді байқампаз жас жігіт.
Болашақ энергиясы мұражайындағы әр стендшінің өзінің сүйікті қабаты бар. Кейбіреулері үшін «Биомасса энергиясы» тақырыбына арналған төртінші қабат, бұл қуат түрі өзіңді табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезініп, жаның жай табатын жасыл панорамасы бар алаң түрінде ұсынылған. Басқалары үшін, «Жел энергиясы» деп аталатын бесінші деңгей, үшіншілері үшін су қуатына арналған екінші қабат сүйкімді. Ал Азамат Есеновке «Ғарыш энергиясы» жақын.
«Біздің әр қабаттың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, келушілер арасында ең танымалы – сегізінші қабат, барлығының көргісі келетіні – шыны көпір. Маған ғарыштан энергия өндіру идеялары ұсынылған жетінші деңгей ұнайды. Бұл Жерден тыс жерде қолдануға болатын болашақтың гипотетикалық технологиялары. Бұл аздап ғылыми фантастикаға жақын нәрсе, бірақ ол мені қатты қызықтырады», – дейді стендист.
«Шар мұражайда» жұмыс істеп жүріп, сіз тек жоғары лауазымды тұлғаларды немесе әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды ғана емес, сонымен бірге өмір бойы армандаған махаббаттыңызды кездестіре аласыз. Осылайша NUR ALEM екі жанұяның қалыптасуына да өз үлесін қосқан. Солардың бірі – өзінің стендші-әріптесіне үйленген супервайзер Абай Абраевтің отбасы.
«Біз 2019 жылдың тамызында үйлендік, ол мұражайға бір жыл бұрын жұмыс істеуге келген екен. Мен оны бірден байқадым және бірден әрекет ете бастадым (күлді), біз кездесе бастадық, кейінірек мен оған көңілімді білдіріп, ұсыныс жасадым. Қазір біздің тоғыз айлық ұлымыз бар, есімі – Әміре. Бірақ оны бұл жерге экскурсия жасауға әлі әкелген жоқпыз, бәрі алда деп ойлаймын», – дейді Абай.
Ол да мұнда 2017 жылы стендші болып жұмысқа орналасқан, 2 жыл өтер өтпестен өзінің көшбасшылық қасиеттерінің арқасында стендішелірдің жұмысын реттеп отыратын супервайзер лауазымына дейін көтерілді.
«Егер бізге итальяндықтар келе жатыр деп хабарланған болса, мен итальян тілін білетін стендшіні дайындап, жүретін маршруттарын ойластыруым қажет. Кейде делегациялар бар болғаны жарты сағат, бір сағат уақытқа ғана келіп, ең қызықты деген экспозицияларды көрсету қажет болатын жағдайлар болады», – дейді супервайзер.
Болашақ энергиясы мұражайында жұмыс істейтін стендшілер үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білу міндетті. Сонымен қатар олардың көпшілігі қосымша шет тілдерін – түрік, француз, корей, араб және т.б. тілдерді де меңгерген.
«Біздің мұрайжайдың экскурсоводтарының меңгеруі тиіс басты қасиеттері мен дағдылары – адамдармен қарым-қатынас жасай білу, ашық болу. Бізге келетін адамдар әртүрлі, солардың әрқайсысының тілін табу маңызды», – деп атап өтті Абай.
Стендші Нұрсұлтан Есенбек үшін ең сүйікті келушілер – балалар.
«Балалар – біздің ең шынайы және риза болып кететін қонақтарымыз. Олар көргенінің бәріне қуанады, таңғалады, эмоцияларын жасырмайды, көп сұрақ қояды, олармен жұмыс істеу – бұл рахаттың рахаты», – дейді ол.
Нұрсұлтан келушілерді 2 санатқа бөледі – мұражайға жаңа нәрсе білу үшін келетіндер және жай ғана суретке түсу үшін келетіндер. Әлеуметтік желілер дәуірінде – бұл үйреншікті жағдай.
«Оларды да түсінуге болады, айналаның бәрі әдемі ғой», – дейді 19 жастағы стендші.
Нұрсұлтан – болашақ IT-менеджер. NUR ALEM-ге ол ең алғаш рет 16 жастағы жас бозбала кезінде, қазақ-түрік лицейінің оқушысы болып жүрген кезінде келген екен, волонтер болып жұмыс істеген. 2020 жылдың күзінен бастап ол мұнда қысқа уақыт ішінде кәсіптің барлық қыр-сырын – экспозициялар туралы әңгімелермен тыңдаушыларды баурап алу, әңгіме жүргізу, әдепті және сыпайы болу қабілеттерін игерген нағыз экскурсоводқа айналды. Бүгінгі күнге дейін ешқашан жанжалды жағдайларға тап болмағанын айтады, әдетте мұражай қонақтары өте мейірімді.
«Бізге экскурсияға немересін ерткен әже келген еді. Мен жүргізген экскурсияның әжеге ұнағаны және оның немересіне судан қуат алу процесін түсіндіргенімнің көңілінен шыққаны сондай, әжей мені өзі шаштараз болып жұмыс істейтін салонға шаш қиюға шақырды», – деп есіне алады Нұрсұлтан.
Назарбаев Университетінің студенті, болашақ инженер-механик Әліби Ербөлеков үшін мұражайдағы жұмыс баға жетпес дағды – көпшілік алдында сөйлеуді үйретті.
«Экскурсовод болып жұмыс істегенге дейін презентациялар өткізген кезде қатты қиналатынмын, залдан маған қаншама көз қадалып отырған кезде олардың алдында тұрып сөз сөйлеу қиындық тудыратын. Енді бұл өткеннің үлесі. Ал ең бастысы – мен мұнда біраз дос таптым. Менің ойымша, бұл жер басқалардан ерекше, мұнда рухани қуаты елден ерек, ақылды және ең бастысы, басқаларды да шабыттандыратын өте жақсы адамдар жұмыс істейді», – деп қорытындылады өз сөзін Әліби.
Егер біздің кейіпкерлеріміздің әңгімелерінен соң сіз NUR ALEM мұражайына барып, болашақ энергиясы туралы көбірек білгіңіз келсе, мұражайдың жұмыс кестесімен және оның мазмұнымен qazexpocongress.kz сайтынан таныса аласыз.
COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайында барлық санитарлық нормалар сақталады.
Материалға сілтеме:https://www.nur.kz/society/1912926-ya-rabotayu-v-nur-alem-odin-den-iz-zhizni-stendistov-muzeya-energii-buduschego/