Назарларыңызға «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Маркен Ахметовтың сұхбатын ұсынамыз. Сұхбатта спикер компания қызметі мен Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы айтып өтті.
Болашақты бірге қалыптастыру
Әрбір адамды өмірде белгілі бір жетістікке жетуге деген ұмтылыс алға жетелейді. Оқушы жақсы баға алуды, студент білікті маман болуды, ал кәсіби маман бәсекеге қабілетті болуды мақсат етеді. Осылайша, әрқайсымыз қоғамның оң бағытта өзгеруіне ықпал ететін жасампаз тұлғаға айналамыз. Егер әр адам өз жұмысын сапалы атқарып, адал дос бола білсе, отбасына қамқорлық танытса, ол айналасына қолайлы орта қалыптастырып, жалпыға ортақ игілікті арттыруға үлес қосады. Мұндай жасампаз ойлар қолда бар құндылықтардың қадірін терең түсінген сәтте туындайды.
Толығырақ оқу
Осындай маңызды тарихи құндылықтардың бастауында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы тұр. Бұл құжат республиканың саяси және құқықтық дербестігінің маңызды қағидаттарын айқындап берді. Ол Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуіне жол ашқан тарихи белес ретінде бағаланады.
Бүгінде, арада 36 жыл өткен соң, біз бейбітшілік пен жасампаздық саясатын ұстанып, қарқынды дамып келе жатқан елде балаларымызды тәрбиелеу бақытына иеміз. Адамдар күнделікті өмірдегі игіліктердің қадірін кейде байқай бермейді. Әсем саябақтарда серуендеу, музейлер мен көрмелерді аралау, цифрлық технологиялар мүмкіндігін пайдалану және тарихи оқиғаларға қатысың бар екенін сезіну — біз үшін үйреншікті құбылысқа айналды. Алайда бұл игіліктердің артында тұтас қоғамның еңбегі мен ортақ жауапкершілігі тұрғанын ұмытпаған жөн. Отанға пайда келтіру үшін міндетті түрде Илон Маск немесе Джефф Безос болу шарт емес. Ең бастысы — бейжай қалмайтын азамат болу және әрбір адамның өмір сүру сапасын жақсартуға жауапкершілікпен қарау. Егер біз қоқысты арнайы жәшікке тастап, айналадағы адамдарға құрметпен қарасақ, балаларымыздың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіріп, бейбітшілік пен келісімді бағалай білсек — ортақ мекенімізді көркейтуге зор үлес қосқанымыз. Бүгін, Республика күніне орай, біз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов пен Ілияс Есенберлиннің ұлы шығармаларынан үзінділер оқып, ой толғадық. Олардың «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Көшпенділер» трилогиясы әрбір азаматтың басты құндылығы — туған жерге деген сүйіспеншілік пен халықтың бірлігі екенін тағы бір мәрте еске салды.
Бұл құндылықтар — мәңгілік әрі мызғымас ұстанымдар. Оларға деген көзқарасымыз бүгінгі өмірімізге ғана емес, еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың тағдырына да тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай Құнанбайұлының мұрасын «Толық адам» тұжырымдамасы аясында жиі атап өтеді. Бұл — жаңа заманның жоғары адамгершілік қасиеттері қалыптасқан, мәдениетті әрі білімді тұлғасын тәрбиелеуге бағдар болатын ұстаным. Бүгінгі дәуір — үлкен мүмкіндіктер заманы. Бұл — өзіне сенімді, ақылды, елін сүйетін, ең батыл әрі асыл армандарын жүзеге асыруға ұмтылатын жандардың уақыты.
Құрметті отандастар, Республика күні құтты болсын! Сіздерге және барша жақындарыңызға бейбітшілік, ізгілік, тұрақтылық пен бақ-береке тілеймін! Ортақ үйіміз — Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе берсін!
«QazExpoCongress» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Маркен Ахметов