Бүгін «EXPO-2017 Astana» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аяқталғанына 4 жыл толады. EXPO-ның өткен күндері мен қазір көрме аумағы қалай жұмыс істеп тұрғаны туралы NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстан – Халықаралық мамандандырылған EXPO көрмесі өткен ТМД елдері арасында бірінші және жалғыз ел. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты, оған 4 млн турист келді, олардың 650 мыңы – шетелдік.
Қазақстанда EXPO көрмесін өткізу идеясы қалай пайда болды
EXPO көрмесін өткізу бастамасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. 2012 жылы Бельгияның Льеж қаласына қарсы күрделі сайыста Қазақстан әлемдік деңгейдегі ауқымды көрме өткізу құқығына ие болды.
«Болашақ энергиясы» тақырыбындағы EXPO-2017 көрмесінің ашылуы 2017 жылдың 10 маусымында өтті. Көрменің тақырыбы баламалы энергия көздеріне көшу және «жасыл» технологияларды қолдану болып белгіленді.
Айта кетерлігі, EXPO-2017 көрмесін өткізу үшін құрамында Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар бар 25 гектардан астам көрме кешені салынды.
«Жасыл» технологиялар негізгі драйвер ретінде
Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы жайдан жай таңдалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы аясында Тұрақты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясын әзірлеу туралы бастама көтерді.
Сонымен қатар, Қазақстанда баламалы энергетиканы дамыту және қоршаған ортаны қорғау бойынша маңызды бағдарламалар қабылданды.
Көрмеге көрме тақырыбын көрсететін 140 экспозиция ұсынылды, оның ішінде Ұлттық павильонда – 29 жоба, үздік тәжірибелер аймағында – жасыл экономика саласындағы отандық ғалымдардың 24 жобасы.
EXPO-2017 жабылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев «көрме Қазақстанның одан әрі инновациялық дамуын айқындаған феноменге айналғанын және бүкіл әлемдегі таза энергетиканың жаһандық дамуына өзінің бірегей үлесін қосқанын» атап өтті.
Осылайша, көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстанның жаңа және қауіпсіз технологияларды дамыту ниетін жариялап қана қоймай, трендтер қалыптастырды.
Көрме қорытындысы бойынша ҚР Энергетика министрлігі арнайы сараптамалық жұмыс тобын құрды, онда EXPO-2017 көрмесінде ұсынылған экология, энергетика, энергия үнемдеу және ЖЭК саласындағы үздік 28 отандық және 105 шетелдік технологиялардың тізбесі жасалды.
Бүгін «Болашақ энергиясы» көрмесі тақырыбын одан әрі дамытуды халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы іске асырады. Ол жаңартылатын энергия көздері саласында озық шешімдерді енгізе отырып, елдің экологиялық таза экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында баламалы энергияға көшу қажеттілігін ерекше атап өтті, бұған дейін ол елде базасында эксперименттік режимде осы салада жоғары технологиялық инновацияларды пайдалану тәжірибесі пысықталатын жаңа энергетика бойынша құзыреттер орталығын құруды ұсынған болатын.
EXPO жаңа өмірі
Көрме қорытындысы бойынша Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстан астанасында өткен мамандандырылған көрмені жоғары бағалады және EXPO-2017 ХКБ EXPO тарихындағы ең үздік мамандандырылған көрме деп танығанын атап өтті.
Осындай ауқымды іс-шарадан кейін EХРО нысандарын көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылданып, оны 2018 жылғы сәуірде Елбасы бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес, NUR ALEM сферасы Болашақ энергиясының мұражайы ретінде жұмыс істеуін жалғастырды, ал EXPO аумағы қазіргі заманғы экономика дамуының басты векторларын жинақтаған іскерлік орталыққа айналды.
Бүгінгі EXPO
EXPO іскерлік орталығы «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркін, Astana IT University, жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын, сондай-ақ заманауи бизнес-орталықты және NUR ALEM Болашақ энергиясы мұражайын қамтитын жаңа инновациялық кластерге айналды.
Сондай-ақ, жақында EXPO іскерлік орталығының аумағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев онда мемлекеттік органдарды цифрлық форматқа көшіру, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша сценарийлерді талдау және әзірлеу, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарына мониторинг жүргізу жұмыстары тоғыстырылатын Цифрлы үкімет кеңсесін ашты.
Қазіргі уақытта «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы қолда бар инфрақұрылымды, атап айтқанда, «Конгресс-орталық» көпфункционалды және бірегей кешенін және кез келген форматтағы және күрделіліктегі іс-шараларды өткізуге болатын Орталық Азия елдерінің аумағындағы ең ірі халықаралық EXPO көрме орталығын тиімді пайдаланып отыр.
EXPO ХКО-да көрме маусымының ашылуы ағымдағы жылдың маусым айында «Automechanika Astana» және «Futuroad Expo Astana 2021» халықаралық автомобиль көрмелерін өткізуден басталды. Күзде машина жасау және металл өңдеу жөніндегі «Kazakhstan Machinery Fair» халықаралық мамандандырылған көрмесі және «Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығы» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі, Машина жасаушылар форумы, «KazAgro/KazFarm 2021» халықаралық аграрлық көрмелер, «KIOGE 2021» 27-ші Қазақстандық халықаралық көрме және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Осылайша, EXPO кешенін іскерлік кеңістікке айналдыру ел экономикасының дамуына жаңа серпін берді және ғылыми-техникалық прогреске инновациялық шешімдер мен жетістіктерді тартудың жаңа орталығын қалыптастырды.
Авторы: Зәуре Көпжанова
Толығырақ оқыңыз: https://www.nur.kz/society/1931394-iz-mezhdunarodnoy-vystavki-v-innovatsionnyy-klaster-kak-na-expo-zarodilas-novaya-ekosistema/