21 ақпанда «Азық-түлік, агроөнеркәсіп және табыс көздері» тақырыптық апталығы аясында EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны алаңында «Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігін дамыту перспективалары» атты халықаралық конференция өтті.
Әлем халқының санының өсуіне байланысты жаһандық жеткізілім тізбегінің жұмысын жақсарту, азық-түлік пен тамақ қалдықтарының шығынын азайту, сондай-ақ азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығының өнімділігін инновациялық арттыру қажет. Құрғақшылық, климаттың өзгеруі, судың жетіспеушілігі, сондай-ақ пандемия сияқты көкейтесті проблемалар ауыл шаруашылығының дамуына теріс әсер етеді, осылайша әр елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.
«Қазақстан Республикасының және Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігін дамыту перспективалары» халықаралық конференциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту саласында тәжірибе алмасу үшін, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға кедергі келтіретін өзекті мәселелерді талқылау үшін тамаша алаң болып табылады. Іс-шараның ұйымдастырушылары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (IOFS). Іс-шара аралас форматта – офлайн және онлайн өткізілді.
Конференцияны құттықтау сөздерімен «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ (ҰАҒББО) Басқарма төрайымы Гүлмира Исаева, Инвестициялар және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі араб басқармасының президенті Мохаммад бин Обаид әл Мазруи, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов, IOFS бас директоры Ерлан Байдәулет ашты.
Пленарлық отырыстан кейін ҰАҒББО мен Араб инвестициялар және ауыл шаруашылығын дамыту басқармасы, IOFS және Араб инвестициялар және ауыл шаруашылығын дамыту басқармасы, ҰАҒББО мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, IOFS және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Конференция үш сессиядан тұрды, оның аясында стратегиялық маңызды ресурстарды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен малдың аман-саулығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы инвестициялық мүмкіндіктер мәселелері талқыланды. Сонымен қатар іс-шара қатысушылары ауыл шаруашылығы ғылымының азық-түлік қауіпсіздігін дамытудағы, құрғақшылық, климаттың өзгеруі, судың жетіспеушілігі сияқты проблемаларды шешудегі рөлін, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды талқылады. Конференция жұмысына Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрліктерінің, халықаралық азық-түлік, ғылыми мекемелер мен агрохолдингтердің өкілдері қатысты.