24-26 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы «EXPO» ХКО-да Қазақстан мен Орталық Азияда жаңа көрме маусымын аша отырып, Automechanika Astana және Futuroad Expo Astana 2021 халықаралық автомобиль көрмесі өтті.
Үш күн бойы елорда тұрғындары мен қонақтарын бай экспозиция және мазмұнды іскерлік бағдарлама, қазақстандық өндірістегі жеңіл автокөлік модельдерінің премьералары, жетекші автосалондардың тест-драйвтары, тюнингтелген бірегей автокөліктердің шоулары қуантты. Биыл шараға 4 500-ден астам кәсіби және автокөлік әуесқой қатысты.
«Қазірдің өзінде келушілердің саны эпидемиологиялық шектеулерге дейінгі өткен жылдарға қарағанда бірнеше есе жоғары, бұл бізге Орталық Азия нарығы қалпына келеді деп ойлауға мүмкіндік береді және осындай инновациялық кешеннің арқасында біз мұнда жаңа жобаларды алып келіп, Нұр-Сұлтан қаласын ірі форумдар мен көрмелерді өткізу орны ретінде бірлесіп дамыта аламыз»,-деп атап өтті «Business Media Central Asia» ұйымдастырушы-компаниясының директоры Алексей Матвеев.
Көрмелерге Қазақстан, БАӘ, Германия, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан және Тәжікстаннан 50 компания қатысты. Сондай-ақ алаңда Futuroad Expo Astana қатысушыларының стендтерінде коммерциялық, автобус және жол-құрылыс техникасының үздік модельдері ұсынылды.
Айта кетерлігі сол, «EXPO» ХКО-ның көпфункционалдылығы көрмелердің бір бөлігін ашық алаңда өткізуге мүмкіндік берді.
Мәселен, көше стендінде AllurAuto дилері Kia (Rio, Rio X, Cerato, Soul), Chevrolet (Malibu, Trailblazer, Tahoe) және JAC (iEv7S және S3 электромобильдері) автомобильдерінің премьералық модельдерін ұсынды. Ашық экспозицияны Karcher компаниясы мен Futuroad Expo Astana қатысушылары – «Вираж» ЖШС мен «Евразия СТ» ЖШС коммерциялық көліктің үздік үлгілерін көрсетіп, өз өнімдерімен толықтырды. Жалпы алаңда 100-ден астам жеңіл, жүк, коммерциялық және жол-құрылыс техникасы ұсынылды.
Көрмелер пандемия жағдайында өткізілгендіктен, барлық қатысушылардың денсаулығына үлкен көңіл бөлінді. Іс-шараларда әлеуметтік арақашықтықты, жеке қорғаныш құралдарын пайдалануды, орынжайларды дезинфекциялауды, сондай-ақ «ASHYQ» қосымшасы арқылы келушілердің кіруін қамтитын барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақталды. Сонымен қатар, барлық келушілер мен көрмелерге қатысушылар өз қалауы бойынша Сovid-19-ға тегін жедел тестілеуден өту мүмкіндігіне ие болды, бұл қосымша қауіпсіздік деңгейін қалыптастыруға ықпал етті.