Болашақ энергиясы мұражайында «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының қолдауымен Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы ұйымдастырған K-Maestro Корей дәстүрлі өнері көрмесінің ресми ашылуы өтті. Салтанатты шараға «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Сансызбай Жолдасбаев пен Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжо Тэ-ик (H.E. Mr. Cho Tae Ick) қатысты.
Экспозицияның ашылу салтанатында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжо Тэ-ик сөз сөйледі.
«K-Maestro дәстүрлі музыканы материалдық емес өнердің бір түрі ретінде ұлттық қолөнермен үйлестіре отырып, Корея мәдениетін біріктіреді. Бүгінгі іс-шара корей мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді деген сенімдемін», – деп атап өтті Корея Республикасының Елшісі.
Көрме дәстүрлі музыкамен үйлескен корей қолөнерін ұсынады. Іс-шараның ашылу салтанатында келушілер корей және қазақстандық әртістердің орындауындағы музыкалық қойылымды тамашалады: «пхансори» жанрындағы вокалдық қойылым («корей операсы» деп аталатын халық корей музыкасының жанры), «санджо» музыкалық стиліндегі дәстүрлі «каягым» аспабында өнер көрсету, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі аспаптары жетіген мен қобыздың сүйемелдеуінде бірлескен корей-қазақстандық қойылымы.
«Бүгінгі іс-шара Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара мәдени алмасу жылы аясында өтуде. Көрме қазақстандықтарды корей мәдениетімен және дәстүрімен таныстыру мақсатында өткізіліп отыр. Екі елдің мәдени алмасуын ілгерілету түрлі салалардағы ынтымақтастықтың негізін қамтамасыз етеді», – деді «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сансызбай Жолдасбаев.
Естеріңізге сала кетейік, көрме 14 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Болашақ энергиясы мұражайының бірінші қабатында өтеді.