23-24 ақпанда EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігімен бірлесіп, Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысының күндері өтті.
Түркістан облысының күндері аясында туристік және инвестициялық жобалар бойынша дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты БАӘ-де Түркістан облысының туристік әлеуетін ілгерілету, сондай-ақ Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістан қаласының имиджін көтеру.
Дөңгелек үстел жұмысына Turkistan Tourism Board, Skyway DMC, Air Astana және Air Arabia компанияларының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Түркістан қаласынан БАӘ-ге тікелей рейсті ашу мүмкіндіктері талқыланды, сондай-ақ Түркістан қаласының жаңа әуежайының тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар, іс-шара қатысушыларына Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі сияқты Түркістан облысының туристік өнімдері, сондай-ақ «Керуен Сарай» кешені және «Ұлы Дала Елі» көрме орталығы сияқты жаңа туристік нысандар туралы айтылды.
БАӘ іскерлік орталары мен мемлекеттік органдарының, қазақстандық және халықаралық бизнес-қоғамдастықтың, туристік ұйымдардың, қауымдастықтардың және инвестициялық компаниялардың өкілдері іс-шараның қатысушылары болды.
Іс-шараның екінші күні Түркістан облысының туристік әлеуетін дамыту мәселелері бойынша туристік операторлармен және инвестициялық компаниялармен B2B кездесулер өтті.
Бұдан басқа, павильон сахнасында келушілер үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, кәдесыйлар ойнатылды.
Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпанда EXPO 2020 Dubai көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильоны Қазақстанға, атап айтқанда Түркістан облысына турға сыйлық сертификатын алған миллионыншы қонағын қарсы алды.