25 шілде мен 30 тамыз аралығында Астанадағы EXPO іскерлік кешені аумағында «Expo Music Fest» – ашық аспан астындағы жазғы концерттер мен мәдени-ойын-сауық іс-шараларының маусымы өтеді. Жоба Қазақстанның үздік музыкалық ұжымдарын, танымал қазақстандық орындаушыларды, этно-музыканы, заманауи шоулар мен отбасылық бағдарламаларды біріктіріп, осы жазда елорданың басты мәдени алаңдарының біріне айналады.
Фестивальдің ашылуы 25 шілдеде өтеді. Бұл күні қонақтарды Қазақстанның бай музыкалық мұрасымен таныстыратын ауқымды этно-музыка фестивалі ұйымдастырылады.
1 тамызда бағдарлама заманауи музыкалық бағыттарды, би шоуларын және танымал әртістердің өнерін тоғыстырған «Astana Rhythm Fest» музыкалық фестивалімен жалғасады.
8 тамызда «Заманауи хиттер» концерті, 15 тамызда Батырхан Шүкенов пен «А-Студио» тобының әндеріне арналған кеш, ал 22 тамызда «MTV әлемдік хиттері» концерті өтеді.
Фестиваль сахнасында RaiM, Еркеш Хасен, Dosekesh, «The Jigits» пен «RinGo» тобы, «Қорқыт», «Гәкку», «Шабыт», «SARYN» этно-ансамбльдері және басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.
«Expo Music Fest» фестивалінің шымылдығы 30 тамызда өтетін «Expo Kids Day» балалар фестивалімен жабылады. Кішкентай қонақтар мен олардың ата-аналары үшін интерактивті ойындар, викториналар, флешмобтар, анимациялық бағдарлама және балалар дискотекасы ұйымдастырылады.
Барлық іс-шаралар alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанындағы EXPO жазғы сахнасында өтеді. Концерттік бағдарламалардың басталу уақыты 19:30.
«Expo Music Fest» – бұл елорданың ең заманауи қоғамдық кеңістіктерінің бірінде жазғы сенбілік кештерді жанды музыка, жарқын эмоциялар және отбасылық демалыс атмосферасында өткізуге тамаша мүмкіндік.
Барлық іс-шараларға кіру тегін.
EXPO іскерлік кешенінде өтетін іс-шаралар туралы толық әрі өзекті ақпарат «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.