Дүниежүзілік EXPO 2020 Dubai көрмесінің «Білім және оқу» атты тақырыптық аптасы шеңберінде 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында Назарбаев Университеті Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) ұйымдастырған «Жасанды интеллект және білім: Жасанды интеллект саласының болашақ мамандарын зерттеулер мен инновацияларға қалай оқыту керек?» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Панельдік сессияға электрлік инженерия саласындағы ғылым докторы, Назарбаев Университеті Робототехника және Мехатроника кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ISSAI директоры Хусейн Атакан Варол, Назарбаев Университеті Ғылым және технологиялар мектебінің деканы, профессор, Ph.D, Вассилиос Турассиc, сондай-ақ жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Сессияның бірінші бөлімінде ISSAI директоры д-р Атакан Варол ISSAI зерттеу жобалары туралы айтты және Институттың ЖИ, деректер мен ақылды жүйелер туралы ғылымдар саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Таныстырылымнан кейін модераторы д-р Вассилиос Турассис болған панельдік пікірталас болды.
ЖИ саласындағы сарапшылар мен ғалымдар тобы қазіргі кезде жасанды интеллект саласының қандай дағдылары мен білімі ең көп сұранысқа ие болғаны туралы деректерді ұсынды. Спикерлер жасанды интеллектіні дамыту тұрғысынан ЖИ жаңа технологиялары және еңбек нарығының болашағы туралы да айтып берді. Пікірталас қатысушылары болып Causaly Inc. (Ұлыбритания) тең негізін қалаушы және техникалық директоры Артур Саудабаев, Jusan Bank-тің Талдау және Data science департаментінің директоры Бауыржан Әубәкір, G42 (БАӘ) ЖИ және қолданбалы ғылымдар департаментінің басшысы Шадаб Хан, Ақпараттық технологиялар колледжінің деканы (БАӘ) Таейб Знати сияқты сарапшылар сөз сөйледі.
Жалпы алғанда, іс-шара ЖИ саласындағы ағымдағы үрдістер мен әзірлемелер туралы, болашақ еңбек нарығы туралы, сондай-ақ сұранысқа ие болып қалуы үшін қажетті дағдылар туралы түсінік алудың тамаша мүмкіндігіне айналды.
Қазақстанның павильоны Дүниежүзілік көрменің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» атты тақырыбын және жасанды интеллектті толық көлемде ашып отырғанын атап өту керек. Future Now аймағында интерактивті ойын нысанында жасанды интеллект прототипі ұсынылды. Сондай-ақ «Шексіз кеңістік» павильонының басты шоуы әлемдік қауымдастық үшін өзекті, бірегей хореографиялық қойылым арқылы адамның жасанды интеллектпен өзара әрекеттесу мәселесін көтеріп отыр.