17-19 желтоқсанда EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында «Алматы қаласының күндері» өтті.
Іс-шаралар шеңберінде БАӘ мемлекеттік құрылымдары мен іскер жұртшылығы, авиатасымалдаушылар мен туроператорлар өкілдерінің қатысуымен Алматының инвестициялық және туристік әлеуеті бойынша ауқымды конференция өткізілді. Алматының бизнес-алаңына иелері мен топ-менеджменті ұсынған БАӘ-нің 50-ден астам ірі компаниясы келді. Жетекші туристік серіктестермен келіссөздер қорытындысы бойынша шамамен 12 млрд теңге сомаға 20 мыңнан астам турист-саяхатшыларды қабылдауға арналған 5 меморандумға қол қойылды, бұл Қазақстандағы кірмелік туризмді дамыту үшін үлкен табысты көрсетеді.
Көрме қонақтары мен павильонға келушілер оңтүстік астананың заманауи өнері мен мәдениетін көрсететін шығармашылық жобалармен танысты. Алматы қаласының символы болып табылатын алма салынған инсталляция көпшіліктің қызығушылығын арттырды, 200-ге жуық шетелдік қонақ Алматыға жолдама ұтысына қатысты.
Ұсынылған жобалардың ішінде автор Наргиз Магаеваның «ЭМПАТ» интерактивті арт инсталляциясы – адамдарға деген сенімді бейнелейтін адам түріндегі үлкен құрылым ерекше орын алды. «Алматы 2.0» жобасын ұсынған қазақстандық жас суретші Алпамыс Батыровтың керемет шығармашылығы да келушілердің назарынан тыс қалмады. Жобаның мәні заманауи және дәстүрлі медиа арқылы Алматының көрікті жерлерін жаңа қырынан көрсететін элементтерден мэппинг-проекцияны құру болып табылады.
Мәдени бағдарлама аясында қазақстандық павильонға халықаралық БАҚ өкілдері мен өнер қайраткерлері келді. «Алматы қаласының күндерін» өткізу барысындағы белсенділік пен оқиғалар «Русские Эмираты», Life Report, Fine Art Publicity, Art Rabbit, «Аравийский журнал», Gulf Today сияқты халықаралық БАҚ-та кеңінен жария етілді.
Іс-шаралардан араб блогерлері, музыканттары, өнер қайраткерлері және қонақтары жағымды пікірде қалды.
«EXPO 2020 Dubai көрмесіндегі Қазақстан павильонын көру мен үшін үлкен мәртебе болды. Бұл елдің аса бай ежелгі тарихы, мәдени, экономикалық және туристік әлеуеті бар. Мұнда адамдар мейірімді, өршіл, еңбекқор және қонақжай», – деп атап өтті өз блогында танымал араб тележүргізушісі Фара Абдулхамед.
EXPO 2020 Dubai-да «Алматы қаласының күндерін» өткізу Алматының инвестициялық және туристік әлеуетін таныстыруға, туристік саланың ірі компанияларымен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.