Ресей астанасында Наурыз мейрамы аталып өтті. «Қазақстан» сауда орталығында мерекеге арналған көрме ашылды.
Биыл Мәскеу билігі Наурыз мейрамын мерекелік серуенсіз онлайн өткізуді ұйғарған. Ал Халық шаруашылғы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильонында көктемгі мерекеге арнап Шығыс базары ұйымдастырылды. Қонақтарға қазақстандық өндірушілердің тауарлары ұсынылды.
Қасымхан Берікбаев, кәсіпкер:
– Мен Ақтауданмын. Мәскеуге іс-сапармен келгенмін. Адамдарды қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстыру маңызды деп ойлаймын.
Ал қазақ мәдениетімен жақын танысқысы келетіндер күні бойы тоғызқұмалақ ойынын үйреніп, сәндік-қолданбалы өнер бойынша мастер-кластарға қатыса алды.
БЛИЦ:
– Маған өте ұнады. Қазақстан ұлы мемлекет деп көрсетіліп жатыр. Қазақстанның шынымен мықты тұстары көп.
– Өте әдемі. бізге елді білу қажет. қатты ұнады.
Көрме ұйымдастырушы «Қазақстан павильоны адамдар ең көп келетін орын» болғанын айтады.
Ирина Яремко, ХШЖК-нің ТМД елдерімен жұмыс және сыртқы байланыс жөніндегі басқарма басшысы:
– Бұл Халық шаруашылғы жетістіктері көрмесінің ең үздік реставрациясы. «Қазақстан» орталық саяжолдың жауһары. Қазір бұл адамдар ең көп келетін павильон. Қазақтардың қонақжайлылығы керемет. ТМД елдері өкілдерінің көбі осында келеді.
Ресейдің ең танымал көрме алаңында алдағы уақытта өзге де ұлттардың павильондары ашылуы мүмкін.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Дана Нуржан, Шахзод Гамиров
Сілтемесі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/593098-m-skeude-nauryz-mejramy-atalyp-tti