Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Digital Bridge: Generative Nation халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысып, Digital Bridge Awards сыйлығының лауреаттарына марапаттар табыс етті және цифрлық шешімдер көрмесін аралады.
Олжас Бектенов цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу Қазақстан Президенті айқындап берген ел дамуының басым бағыты екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударып, Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналдыру туралы міндет қойды. Біздің азаматтарымыздың әлеуеті шексіз және серпінді жобаларды жасап шығаруға мүмкіндіктері жеткілікті. Өз кезегінде біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Көздеген мақсатқа жетуде бизнес, ғылыми орта және мемлекеттік құрылымдар болсын, әрбір тарап маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Премьер-министр.
Бүгінде Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту бойынша әлемде 24-ші, онлайн қызметтер бойынша 10-шы орында тұр.
Үкімет жасанды интеллект және IT-мамандарына барынша қолайлы жағдай жасау үшін қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда экожүйенің инфрақұрылымы үздіксіз кеңеюде. Білім беру ресурстары барлық азаматтарға қолжетімді. 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағдарламалары іске қосылған. Шамамен 500 мың адам жасанды интеллект негіздері, оның ішінде AI Qyzmet, AI Sana, Tomorrow school, QazCoders сияқты бағдарламалар бойынша білім алуда.
Соның ішінде Alem.ai-дың ашылуы инфрақұрылымды нығайтуда маңызды қадам болды. Ол – ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, озық шешімдерді енгізу және стартаптарды дамыту үшін құрылған бірыңғай цифрлық кластердің негізгі платформасы. Astana Hub та – креативті индустрияларды дамытудағы маңызды құралдардың бірі. Венчурлық инвестициялар қоры түріндегі акселератордың арқасында стартаптар ауқымды қаржыландыруға қол жеткізіп, жаһандық нарыққа шыға алады. Осы жылдың соңына дейін IT-қызметтер экспортының көлемін $1 миллиард долларға жеткізу мақсатында стратегиялық жоспар жүзеге асуда. Қазақстан нарығына қазірдің өзінде Playrix, Mytona, NetCracker сияқты әлемдік технологиялық алпауыт компаниялар кіріп отыр. Бұл бизнес пен инвесторлардың тарапынан тұрақты серікстес ретінде Қазақстанға деген сенімнің нығайып жатқанын көрсетеді.
«Жуырда құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басты міндеті – келесі технологиялық серпіліске қол жеткізуді қамтамасыз ету. Осы мақсатта құқықтық базаны жетілдіріп, жасанды интеллект және IT-мамандарын қолдау шаралары кеңейтіледі. Ұлттық білім беру платформасын әзірлеу және жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін құру жөніндегі Президент бастамалары болашақ нарыққа білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай серпін береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Қазақстан Үкіметі қуатты экономика құру мақсатында еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысқа толықтай ашық екенін атап өтті. Форумның нәтижесінде 30-дан астам маңызды меморандумға қол қойылып, өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарына қол жеткізілді. Үкімет жанынан құрылған Цифрлық штаб мемлекеттік органдардың толық цифрлық трансформациясын жүзеге асыру, бизнестегі туындайтын мәселелерді жедел шешу және нарықтың барлық қатысушылары үшін артық кедергілерді жою бағытында жұмыс істейді.
Одан бөлек Digital Bridge Awards байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Олжас Бектенов үздік отандық IT-жобалар мен цифрлық бастамаларға марапаттар табыс етті.
Digital Bridge Awards 2025 премиясының номинациялар бойынша лауреаттары болып келесі үміткерлер танылды:
Премьер-министр, сонымен қатар, цифрлық шешімдер көрмесінің экспозициясымен танысты, онда отандық IT-компаниялар мен стартап иелері өз әзірлемелерін ұсынды.
Олар – IT-компаниялар: Shai PRO – интеллектуалды өнімдер мен ЖИ негізіндегі шешімдердің экожүйесі; Best Vision Technologies – өнеркәсіптік тәуекелдерді анықтауға және өндірістік процестерді қашықтан басқаруға арналған ЖИ платформасы; Axellero – күнделікті міндеттерді автоматтандыратын және бизнестің тиімділігін арттыратын ЖИ агенттерін құруға арналған платформа; Qalan – мектептер мен EdTech жобаларына арналған онлайн білім беру платформасы; Rеcado – мұнай-газ саласына арналған ЖИ негізіндегі шешімдер және Jet – көлік пен техниканы қысқа мерзімді жалға алуға арналған шеринг-суперапп.
Стартап-компаниялар: Paidax – бөлшек инвесторларға арналған инвестициялық платформа; PocketDot – көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайльдің алғашқы магниттік интерфейсі; Defect AI – өндірістік ақауларды автоматты түрде анықтауға арналған ЖИ жүйесі; Protector AI – мектептерде, балабақшаларда және әлеуметтік мекемелерде зорлық-зомбылықты, қорқытуды және қақтығыстарды автоматты түрде анықтауға арналған бейне талдау жүйесі; Esep AI – энергия тұтынуды талдау жүйесі; Trust Exam – онлайн емтихандарды автоматтандыру және мониторинг жасау ЖИ-платформасы; Biometric Vision – биометриялық сәйкестендіру және KYC-сервис (ағылшынша Know Your Customer – «Өз клиентіңді біл») технологиялары; Mirai Tech – сенсорлық технологияларға, биомеханикаға және деректерге негізделген интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелері.
Іс-шара әлемнің 30-дан астам елінен келген инвесторлардың, сарапшылардың, стартаптар мен IT-компаниялардың өкілдерінен тұратын 30 мыңнан астам қатысушының басын біріктірді.
Сілтеме: https://primeminister.kz/news/olzas-bektenov-prezidenttin-bastamalary-kazakstannyn-kelesi-texnologiialyk-serpilisine-bagyttalgan-30574