Бүгін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үлкен мереке өтті. «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы елорданың жасөспірімдері үшін көптеген қызықты және танымдық іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Мерекенің басты алаңы балаларға есігін тегін ашқан Болашақ энергиясы мұражайы болды. Мұражай балаларға экспонаттар, интерактивті қондырғылар және виртуалды шындық аймақтары арқылы жасыл технологиялар әлемімен танысудың бірегей мүмкіндігін ұсынды.
Жас келушілер тұрақты даму мен энергетика саласындағы озық жетістіктер туралы біле алды, бұл мерекені тек көңілді ғана емес, сонымен қатар танымды өткізуге септігін тигізді.
Сондай-ақ мұражайда «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік концерт өтті. Сахнада «Көркем-ай», «Тұмар», «Бастау» хореографиялық ансамбльдері сияқты балалар шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ Ақмарал Дәулет пен Гүлназ Ермекова өнер көрсетті.
– «QazExpoCongress» жылда бұл мерекені балаларға ұмытылмас әсер сыйлау үшін, көңілді және пайдалы уақыт өткізуге, мұражай экспонаттарымен және контентімен танысу үшін ұйымдастырады. Әдетте мұражайға шамамен 1500-2000 адам келеді, бірақ бүгінде балалар саны әлдеқайда көп болды, — деді «QazExpoCongress» баспасөз хатшысы Гүлжан Сергибаева.
Ол мұражайдың бірінші қабатында этнограф-топтамашы Бахаргүл Төлегеннің «Жауһар жәдігер» көрмесі тұрақты негізде жұмыс істейтінін атап өтті. Экспозицияға мәдени құндылығы мен ғасырлық тарихы бар бұйымдар кіреді. Бұл көрме қазақ халқының бай мұрасы мен салт-дәстүрлері туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бүгін EXPO кешенінің аумағында ролик тебуге арналған жаңа роллердром ашылды. Сондай-ақ жас келушілер ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де бейімделген бірегей балалар ойын алаңы орналасқан саябақ аймағында серуендей алды.
Авторы Данира Искакова
Материалға сілтеме: inform.kz