Конгресс орталығы алаңында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Шаекиннің басшылығымен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Іс-шара шеңберінде 2023 жылғы жұмыс нәтижелері туралы баяндамалар және «QazExpoCongress» ҰК» АҚ, «QazTrade» ССДО» АҚ, «ҚазСтандарт» РМК және «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК сияқты ведомстволық бағынысты ұйымдардың ағымдағы жылға арналған жоспарлары тыңдалды.
Өз сөзінде «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов компания дамуының негізгі бағыттары туралы айтты. Олар: объектілер мен мүлікті басқарумен қатар сервистік қызметтерді коммерцияландыру, конгресс-көрме іс-шараларын өткізу және халықаралық іс-шараларға қатысу, Болашақ энергиясы мұражайының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, компанияның тұрақты дамуы.
EXPO кешенінің аумағы халықаралық іскерлік кластерге және қаржылық, IT-хабтар табысты жұмыс істейтін толыққанды экожүйесі бар шығармашылық аумаққа айналды. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі, Astana IT University, Цифрлық үкімет кеңсесі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі – іскерлік кешеннің негізгі жалға алушылары болып табылады.
«Компанияның қызметіне әсер еткен пандемиялық шектеулерге қарамастан, біз соңғы үш жылда қарызсыз, шығынсыз шыға алдық. Өткен жылы компания өзін-өзі ақтауға шықты және республикалық бюджеттен бөлінетін демеуқаржыдан толық бас тартты. Осылайша іскерлік кешеннің барлық объектілері мен аумақты ұстау бюджет қаражатын тартпай, ұлттық компания есебінен жүзеге асырылып келеді», – деп атап өтті «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы өз баяндамасында компанияның 2024 жылға арналған басым міндеттері бойынша жұмыстың маңыздылығына ерекше назар аударды. Компания EXPO кешенінің тұрақты жұмыс істеуі, Астана халықаралық форумын табысты өткізу және БАӘ-дегі Expo City Dubai аумағындағы қазақстандық павильон базасында Qazaq Trade House-ты дамыту сияқты бағыттарды айқындады.
Сонымен қатар компания Қазақстанда MICE-туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Өткен жылдың қараша айында компания әлемдегі ең ірі Messe Frankfurt конгресс-көрме іс-шараларының операторымен меморандумға қол қойды. Қазір олардың Астана қаласында, яғни EXPO аумағында өкілдігін ашу мүмкіндігі пысықталуда. Осылайша Messe Frankfurt компаниясының бірлескен жобалары мен тәжірибесі елдегі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жаңа серпін береді.