EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде 17-19 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны алаңында Алматы қаласының туризм күндері өтті.
Іс-шара аясында Қазақстан павильонында қаланың таныстырылымы және әлеуетті шетелдік серіктестермен B2B кездесулер өтті.
Бұдан бөлек, Ұлттық павильон алаңында Алматы қаласының заманауи өнерінің арт-жобалары таныстырылды. Олардың арасында адамдарға деген сенімді білдіретін «ЭМПАТ» интерактивті инсталляциясы ерекше орын алды.
Сонымен қатар, келушілерге заманауи суретші Алпамыс Батыровтың «Алматы 2.0» атты туындысы ұсынылды.
«Жобаның мәні қазақстандық павильон ғимаратында Алматы қаласының мәнін құрайтын элементтерден (табиғат, тұрғындар, сәулет текстурасы және т.б.) шығармашылық мэппинг проекциясын жасау және оларды дәстүрлі медиа құралдары арқылы жаңа қырынан көрсету болып табылады. Әр мегаполисте ескі қаланың және жаңа қаланың бөліктері бар, мен суретші ретінде бұл өзгерістерді өз жобамда қайта қарастырғым келеді, сондай-ақ EXPO 2020 Dubai келушілеріне біздің сүйікті қаламызды толыққанды және әдемі етіп көрсеткім келді», – деп атап өтті жобаның мәнін автор А. Батыров.
Алматы қаласының күндері аясында мемлекеттік құрылымдар, шетелдік компаниялар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен қаланың туристік әлеуеті бойынша конференция өткенін атап өткен жөн.