7-9 шілде аралығында alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Astana AI Week 2026 ауқымды ғылыми-инновациялық іс-шарасы өтеді. Ол жасанды интеллекттің болашағын талқылау үшін жетекші ғалымдарды, бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды, халықаралық сарапшыларды, технологиялық компанияларды, стартаптарды және жас зерттеушілерді бір алаңға біріктіреді.
Astana AI Week 2026-ның басты мақсаты – жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту, ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Астананы Орталық Азиядағы технологиялық дамудың жетекші орталықтарының бірі ретінде ілгерілету.
Іс-шара бағдарламасына қазақстандық және шетелдік мамандардың қатысуымен ғылыми-сараптамалық семинар, жасанды интеллект саласындағы инновациялық әзірлемелер көрмесі, панельдік пікірталастар, озық технологиялардың таныстырылымдары және ауқымды хакатон кіреді.
Astana AI Week 2026 аясында AI Hackathon өтеді. Қатысушылар жасанды интеллект негізінде екі негізгі бағыт – «Өнеркәсіп» және «Денсаулық сақтау» бойынша инновациялық шешімдер әзірлейді.
Командалар өндірісті автоматтандыру, өндірістік процестер мен қауіпсіздікті мониторингтеу, қалалық ортаны цифрландыру, медициналық аналитика, интеллектуалды скрининг, деректерді басқару және денсаулық сақтау саласындағы процестерді оңтайландыру бағыттарында тәжірибелік ЖИ шешімдерді ұсынады.
Хакатон зерттеушілер, студенттер, әзірлеушілер, стартап-командалар, бизнес және мемлекеттік ұйымдар өкілдері өз құзыреттерін біріктіріп, экономиканың нақты секторында және әлеуметтік салада қолдануға болатын технологияларды әзірлейтін алаңға айналады.
Astana AI Week 2026 аясында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, жасанды интеллектті экономика мен қалалық инфрақұрылымға енгізуге, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және жасанды интеллектті жауапты әрі этикалық қолдану қағидаттарын ілгерілетуге ерекше назар аударылады.
Astana AI Week 2026 Қазақстанның инновациялық экожүйесіне инвестициялар тартуға, перспективалы технологияларды таныстыруға, жаңа серіктестіктер құруға және бірлескен жобаларды іске қосуға арналған негізгі алаңдардың біріне айналады деп күтілуде.