28-29 мамырда Астанада EXPO іскерлік кешенінің аумағындағы Конгресс орталығы алаңында V Еуразиялық экономикалық форум (ЕЭФ-2026) өтеді. Басты тақырып – «ЕАЭО-ның жаһандық цифрлық бәсекедегі орны: жасанды интеллектке басымдық».
ЕЭФ-2026 бағдарламасы шамамен 30 іс-шарадан тұрады және 4 тақырыптық блокқа топтастырылған: «ЕАЭО нарығын дамытуды трансформациялау», «Еуразиялық сабақтастық», «ЕАЭО+» және «Форум аясындағы іс-шаралар».
Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясында күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – сауда кедергілерін бақылауды жетілдіру, келісімдердің сақталуын талдау және ЕАЭО аясындағы экономикалық үдерістердің ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын тәжірибеде қолдану.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс форумның басты іс-шарасына айналмақ. Жан-жақты іскерлік бағдарламамен қатар, қатысушыларға бизнеске қатысты тәжірибелік сұрақтарға арналған арнайы көрме-жәрмеңке ұсынылады.
Форум 2026 жылы Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы төрағалығы аясында өтеді.
ЕЭФ-2026 бағдарламасымен форумның ресми сайтында толық танысуға болады.
ЕАЭО-ға мүше бес елдің 24 бұқаралық ақпарат құралы Еуразиялық экономикалық форумның ақпараттық серіктестері болып табылады. Форумның бас ақпараттық серіктесі – Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені құрамына кіретін Jibek Joly/Silk Way телеарнасы.
Іс-шараның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, ресми демеушісі – «Qarmet» АҚ, алтын демеушісі – KAZ Minerals тобы, ал форумның серіктесі – Еуразиялық даму банкі екенін атап өтеміз.
Анықтама: Еуразиялық экономикалық форум Еуразиялық экономикалық одақтың одақ органдарында – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде төрағалық ететін ЕАЭО мемлекетінде кезекпен өткізілетін жыл сайынғы іскерлік іс-шара.
Іс-шара ЕАЭО мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларына, мемлекеттік билік органдары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған.
— I ЕЭФ – 2022 жылғы мамыр, Бішкек
— II ЕЭФ – 2023 жылғы мамыр, Мәскеу
— III ЕЭФ – 2024 жылғы 30 қыркүйек — 1 қазан, Ереван
— IV ЕЭФ – 2025 жылғы 26-27 маусым, Минск
— V ЕЭФ – 2026 жылғы 28-29 мамыр, Астана